Еліміздің ұтқыр ойлы жас шешендері анықталды
Астанада "AMANAT" партиясының кубогіне арналған "AMANAT CUP" XХIІI республикалық пікірсайыс турнирі мәреге жетті

"Жастар Рухы" жастар қанаты мен "Qazaq Debate" қозғалысы ұйымдастырған сайыста ел аумағындағы үздік спикерлер анықталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ел Президенті еркін ойлы жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту ісіне әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
Биыл сайысқа 150-ге жуық өтінім түсті. Олардың арасынан 60 команда іріктеліп, қазақ (40 фракция) және орыс (20 фракция) командалары Британ, Америка және Линкольн-Дуглас форматтарында ойын өрнегін көрсетті.
Турнирдің басты мақсаты – ұтымды ұсыныс айта алатын белсенді жастарға қолдау көрсету.
"AMANAT CUP" турнирі жиырма үш жылдан бері партияның қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл жобаға жүзден астам өтінім түсті. Бұл – жастардың пікірсайысқа деген қызығушылығының айқын көрінісі. Қазақ және орыс лигаларымен қатар, биыл алғаш рет Студенттік лига енгізілді. Бастама студенттердің көпшілік алдында сөйлеу, ойын жүйелеу сияқты дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, – деді "AMANAT" партиясы "Жастар Рухы" жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.
Екі күнге жалғасқан ойын нəтижесі бойынша қазақ лигасында жүлделі 1-орынды – Дильназ Бауыржанқызы және Жәкен Нұрхан (Астана және Алматы қалаларының құрамасы) иеленіп, "AMANAT" партиясының кубогін қанжығалады. Ал 2-орынға – Жансерік Жолшыбек және Алтынай Қалдыбай (Алматы қаласы), 3-орынға – Асхат Есенов пен Сапарғали Батыржан (Ақтөбе облысы) және Зарина Бозова мен Ақерке Шайқы (Батыс Қазақстан облысы) лайық деп танылды. "Үздік спикер" – Дәулет Нүркен, "Үздік төрешілер" – Бақытжан Тұрсынов және Бакира Олжас.
Бұл ретте орыс лигасында Сұлтан Сатыбалды мен Камила Құрамысова жеңімпаз атанды. Ал 2-орынды – Айгерім Айбасова пен Дінмұхаммед Сағатбеков, 3-орынды – Самат Саяқов пен Мұратбек Нұрлан және Ерұлан Мейіржан мен Аруна Найманова иеленді. Осы лигадағы барлық қатысушылар – Астана қаласының намысын қорғады. "Үздік спикер" – Дінмұхаммед Сағатбеков. "Үздік төреші" – Жібек Әкімова.
Сондай-ақ Студенттік лигада 1-орынды – Нұрқадыр Серікқазы мен Дидар Арчин (Семей қаласы), 2-орынды – Махаббат Алипчеева мен Ақерке Дарханбек (Алматы облысы), 3-орынды – Аяулым Сайлауова мен Нұртас Нұрай (Ақтөбе облысы) және Нұрханым Бермұханбет пен Жадыра Қайратова (Атырау облысы) иеленді.