ШҚО делегациясы Қытайдың IT-инновацияларын зерттеуде
Шығысқазақстандықтар Қытайдың цифрландыру және озық технологиялар саласындағы тәжірибесімен танысуда

Іссапар аясында Карамай қаласындағы Бұлтты есептеулер индустриялық паркін және Болашақ индустриялар ғылыми-техникалық паркін аралап, Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы IT-индустрия мен жасанды интеллекттің даму бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Сапар барысында делегаттар Техника биржасы орталығында және көрме залында болып, қытайлық мамандардың соңғы әзірлемелері мен технологиялық шешімдерін көрді. Делегация мүшелері жобалардың ауқымдылығын, ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығын және ғылым, білім мен бизнестің тығыз байланысын атап өтті.
Карамайдағы Бұлтты есептеулер индустриялық паркін аралау барысында біз орталықтың ауқымы мен технологиялық әлеуетіне тәнті болдық. Заманауи деректер орталықтары, қуатты бұлтты шешімдер мен IT және жасанды интеллект саласындағы бірегей зерттеу жобалары болашақтың атмосферасын қалыптастырады. Парк стартаптарды белсенді қолдап, бизнес пен білім беру саласына арналған бұлтты сервистерді дамытып, цифрлық инфрақұрылымды өзгертетін инновацияларды енгізуде. Карамай – технологиялық өзгерістердің орталығы, оның Қытайдың IT саласына ықпалы бұдан әрі де арта түсетіні сөзсіз, - деді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Айбек Акаев.
Делегация сондай-ақ Болашақ индустриялар ғылыми-техникалық паркін аралап, мұнда жасанды интеллект, робототехника және биотехнология салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Бұл – стартаптар мен жаңа технологиялық шешімдер дамып, инновациялық идеялар туындайтын үлкен орталық.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллект пен IT-технологияларды дамытуға ерекше назар аударып, оларды елдің болашағын айқындайтын негізгі бағыттар ретінде атап өткен болатын. Делегацияның Карамай қаласына сапары – Президент қойған міндеттерді іске асыру жолындағы нақты қадам болды.
Мұнда жұмыс істеп тұрған бұлтты платформалар ұсынылды. Заманауи деректер орталықтарында орналасқан жобалардың қызметі көрсетілді. Сондай-ақ жасанды интеллект пен жоғары өнімді жүйелерді қолдауға бағытталған жаңа гипермасштабты бұлтты есептеу орталықтарының жобалары таныстырылды, - дейді "Өскемен жоғары политехникалық колледжі" құзыреттер орталығының жетекшісі Максим Мамаев.
Көрші елдің озық тәжірибесін зерделей отырып, делегация үздік технологияларды меңгеруге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның цифрлық дамуына серпін беретін инновациялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік алуда.