Мәскеуде Қазақстанның мәдени күндері өтіп жатыр
Ресейлік көрермен үшін 13 қазан күні кіші театр сахнасында "Парасат майданы" спектаклі өтеді

Спектакльді Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының актерлері сахналайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мәскеудің Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі әзірлеген "Қазақстан өнерінің жауһарлары" атты көрме ашылды.
Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі, үздіксіз дипломатиялық диалогтың жемісі. Бұл ауқымды жоба Мәскеудің жетекші мәдениет алаңдарын қамтып, Қазақстанның заманауи мәдени жетістіктерінің кең палитрасын – театр мен музыкадан бастап, кино және бейнелеу өнеріне дейін ұсынады. Кейінгі 34 жылда Мәскеуде қазақ суретшілерінің көрмесі алғаш рет өтіп отыр. Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің картиналары "Крымский вал" галереясында ең соңғы рет 1991 жылдың тамызында қойылған еді. Сондықтан бүгінгі экспозицияны біз Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы жарқын оқиға әрі жаңа белес деп бағалаймыз, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің "Қазақстан өнерінің жауһарлары" көрмесі XX ғасырдағы талантты шеберлердің 60-тан астам кескіндеме және мүсін туындыларын қамтиды. Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады.
10-13 қазан аралығында қазақстандық және шетелдік көрерменінің көңілінен шыққан "Время патриотов", "Тоқта, түн!", "Дос-Мұқасан", "1941 жылдың жазы", "90+1" фильмдері мен "Алтын адам" мультфильмін көре алады. Барлық фильм қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.
Бүгін кіші театр сахнасында "Парасат майданы" спектаклі қойылады. Қойылым – заманауи адамның рухани ізденістері мен ішкі әлемін суреттейтін психологиялық драма. Қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік шығармалары негізінде сахналанған. Спектакльді Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының актерлері сахналайды.
Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері қараша айында қазақстандық өнерпаздардың гала-концертімен қорытындыланады.