Қазақстандық бүркітшілер Моңғолиядағы чемпионатта үздіктер қатарынан көрінді
Баян-Өлгей аймағында дәстүрлі Дүниежүзілік "Бүркітшілер тойы" аясында ІІІ Азия чемпионаты өтті

Абай облысының және атыраулық құсбегілер қола және күміс жүлдені қанжығалады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Чемпионатқа 60-тан астам құсбегі қатысып, "қолға шақыру" және "шырға тарту" сайыстары бойынша сынға түскен.
36 жылдық тарихы бар халықаралық дода Моңғолияның мәдени брендіне айналған. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер мен бүркітшілер қатысатын ерекше мереке. Қазақ құсбегілерін бұл жарысқа мемлекеттік жаттықтырушылар Арманбек пен Базарбек Күнтуған бастап барды.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғаған Абай облысының бүркітшісі Тәттімбет Кәпұлы "Қарагер" атты қыран құсымен жүлделі үшінші орынды, ал атыраулық құсбегі Арман Қошқаров "Аңырақай" атты бүркітімен екінші орынды иеленіп, ел абыройын асқақтатты, - деп мәлімдеді Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.