Қазақстанда "Поттер пойызы" пайда болды
Астанадан Тастаққа апарып келетін сиқырлы пойызда театрландырылған қойылым көрсетіледі

Алғашқы саяхатқа 300-ден астам жолаушы барып келді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Астанада отбасылық мәдени-ойын-сауық жобасы - "Поттер пойызы" өзінің алғашқы сапарына аттанды. Сиқырлы пойыз 6 вагоннан тұрады. Әр вагонда жолаушыларға арналған жеке қойылым көрсетіліп, барлық вагонда бір мезгілде театрландырылған бағдарлама жүргізілді, - деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі. - Осы сапарда шамамен 15 актер Гарри Поттер әлемінің ең танымал кейіпкерлерін сомдады. Жолаушылар пойыз ішінде Гарри Поттерді, Гермиона Грейнджерді, Драко Малфойды, профессор Дамблдорды, Северус Снегті, Доббиді және басқа да сүйікті кейіпкерлерді көрді. Әрбір актердің костюмі, бейнесі мен гримі мұқият әзірленді. Жобаға қатысқан актерлердің барлығы - отандық театр сахнасы мен креативті индустрияның кәсіби өкілдері. Қазіргі таңда шоу екі тілде ұсынылуда, ал алдағы уақытта қойылым толықтай мемлекеттік тілде өткізіледі деп жоспарлануда.
"Поттер пойызы" енді 12, 18, 19, 25 және 26 қазанда жолға шығады. Қараша айында да сиқырлы пойыздың қатынауы жоспарлануда. Әр сапардың ұзақтығы - 2 сағат, бағыт: "Астана-1 - Тастақ - Астана-1" (60 км).