Тарихи оқиға: "Достық – Мойынты" теміржол магистралінің екіншісі желісі іске қосылды
Жаңа жол Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасында теміржолмен жүк тасымалдаудағы жетекші рөлін күшейтеді

Жаңа жол жүк тасымалының көлемін бес есе арттырып, экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетімізді күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Стратегиялық жобаның сәтті жүзеге асуы ел экономикасына зор серпін бермек. Қазақстан Еуразиядағы маңызды көлік-транзит хабы ретіндегі позициясын нығайта түседі.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы, еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызы бар жоба.
Жұмысшыларымыз үш жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны, шын мәнінде, тарихи сәт деуге болады. Бұл – баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетімізді күшейте түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экспорттық тауар жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарады. "Достық – Алашаңқай" шекара өткелі арқылы жүк тасымалының көлемі бес есе өседі. Аталған бағыт бір тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін ұлғаяды. Контейнермен жүк тасымалының жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін артады.
Жоба ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қалыптастырудың бастапқы бөлігі ретінде еліміздің транзиттік әлеуетін елеулі түрде нығайтады.
Мемлекет басшысының транзиттік әлеуетімізді кеңейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру жалғасады. Бүгінде бірнеше магистральдің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Бақты – Аягөз, Мойынты – Қызылжар, Алтынкөл – Жетіген жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ ел аумағында үш мың шақырымға жуық теміржол жөнделуде.