Абай облысындағы өнер және спорт мектебі мемлекеттің 23 млн теңге қаражатын жымқырған
SAMGAU өнер&спорт мектебінің директоры жұмыс істемейтін, оқушысы жоқ үйірмелерге мемлекеттен ақша алып отырған

Ол балалар шығармашылығын дамытуға арналған "Damu Bala" платформасын пайдаланған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚМА ақпаратына сүйеніп.
"SAMGAU өнер&спорт мектебі" ЖШС директоры шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдалана отырып, балалардың сабаққа қатысуы жөнінде жалған мәліметтер ұсынған, - деп мәлімдеді ҚМА Абай облысы бойынша департаменті. - Шындыққа жанаспайтын жалған мәліметтері бар ай сайын тапсырылатын есептер негізінде уәкілетті орган тарапынан жұмыс істемейтін үйірмелерге мемлекеттік қаржы бөлініп отырған. Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі өздерінің бұл бағдарламаға "қатысушы" ретінде тіркелгенінен мүлдем бейхабар.
Мәселен, бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген.
Тергеу барысында мемлекетке келтірілген 23 млн теңге залал күдікті тарапынан толық өтелді.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.