Alatau City толық цифрланған алғашқы қалаға айналмақ
Мұнда тауарлар мен қызметтер криптовалютамен төленетін болады

Мемлекет басшысы Алатау қаласын еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығына айналдыруды тапсырды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. - Жақында Қытайға барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады.
Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек.
Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс, - деді Президент. - Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек.
Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет.