Заңсыз актив иелерінен 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылған
Бұл қаражат мектеп, спорт ғимаратын салуға, денсаулық сақтау нысаны мен су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінген

Президент бүгінгі Жолдауында Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде, қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуі тиіс екенін тілге тиек етті.
Жалпы инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек. Бұл іске, қажеті болса, сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады, - деді мемлекет басшысы.