Президент: "Қазақстан міндетті түрде цифрлық ел болуы керек"
Президент өз Жолдауында Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігін айтты

Бұл Мемлекет басшысының алға қойған өте маңызды стратегиялық мақсаты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. - Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалды.
Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда, - дейді Мемлекет басшысы. - Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқаны анық.
Басқаша болуы мүмкін емес, себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады, - деді Президент. - Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.