Су үнемдейтін технологиялар қолданылатын жер көлемі 580 мың гектарға ұлғайды
Қазақстандағы өсімдік шаруашылығы өндірістің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған жүйелі трансформациядан өтуде

Саланың негізгі міндеті – егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Биыл бидай алқабы 884,6 мың гектарға қысқарып, 12,3 млн гектарды құрады, ал майлы дақылдардың көлемі 1 млн гектарға ұлғайып, 4 млн гектарға жетті. Сонымен қатар қант қызылшасының егіс құрылымын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияларды енгізуді тапсырған болатын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл жоспар артығымен орындалып, 158 мың гектарды құрады. Ал биыл су үнемдейтін технологияларға қазірдің өзінде 109,8 мың гектар алқапқа енгізілді. Жалпы су үнемдейтін технологиялар қолданылатын жер көлемі 580 мың гектарға ұлғайды, - дейді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
2024 жылы фермерлер 25,2 млн тонна астық жинап, бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткізді. Оның ішінде 18,6 млн тоннасы бидай. Орташа өнімділік гектарына 14,2 центнер. Мұндай жоғары нәтижеге енгізілген тыңайтқыш көлемінің екі есеге ұлғаюы (2023 ж. 1,3 млн тонна) айрықша ықпал етті. Биыл бұл көрсеткішті 1,9 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.
Тұқым шаруашылығына және материалдық-техникалық базаны жаңартуға айрықша назар аударылып отыр. 2025 жылы элиталық тұқымдардың үлесін жалпы егіс көлемінің 10,5%-ына дейін жеткізу, ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 6,5%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Тек 2023 жылдың өзінде ғана шаруалар 22 мың бірлік техника сатып алды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен жоғары, - деді министр.
Фермерлер үшін елеулі қолдау құралы болып субсидиялау шаралары қала береді. Мемлекет элиталық тұқымдар құнын 70%-ға дейін, отандық өндірістегі минералды тыңайтқыштардың құнын 60%-ға дейін өтейді, сондай-ақ пестицидтер шығынын 50%-ға және биопрепараттар шығынын 40%-ға өтемақылайды. 2025 жылы басым дақылдарды субсидиялауға 25,8 млрд теңге бөлініп, бұл фермерлерге өнімділікті арттыру үшін қосымша ресурс береді.
Жүйелі шаралар 2024–2028 жылдарға арналған Жол картасында бекітілген. Онда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі еселеу көзделген. Негізгі басымдық бидайдың монокультурасын және суармалы егіншілікті көп қажет ететін күріш пен мақта сияқты дақылдарды қысқартуға берілген. Сонымен қатар, майлы, көкөніс-бақша және малазықтық дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қарастырылған. Мұндай тәсіл өндірістің тиімділігін арттырып, мал шаруашылығының жем-шөп қорын нығайтуға мүмкіндік береді.
Селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға арналған Кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы дақылдарының кемінде 109 жаңа сорты мен будандарын шығару көзделген. 2024 жылы 52,3%-ды құраған отандық селекция тұқымдарымен егілетін алқаптардың үлесін 2028 жылға қарай 78,2%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Осы мақсатта ұсынылатын сорттардың Мемлекеттік тізілімі қалыптастырылып, ұлттық тұқымдардың генетикалық банкі құрылуда. Бұл ішкі селекция нәтижелерін бекітіп қана қоймай, сонымен қатар отандық өсімдік шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.