Қазақстандық блогерлер айыппұл төлей салып, онлайн ойындарды жарнамалауды доғарар емес
Заң бұзған блогерлер қатарында Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы бар

Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратына сүйеніп.
Соңғы екі жарым жылда 205 жасырын казино жабылып, олардың жұмысына қатысы бар 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ел ішінде заңсыз гемблинг фактілері толық дерлік жойылды. Алайда қазіргі таңда негізгі қауіп шетелде тіркелген онлайн-казинолардан туындап отыр. Олар еліміздің азаматтарын құмар ойынға тартып, оларды лудомания құрбанына айналдыруда, - деп мәлімдеді агенттік.
Қазақстан аумағында олардың қызметіне "Ойын бизнесі туралы" Заңға сәйкес толықтай тыйым салынған.
Жыл басынан бері 34 шетелдік онлайн-платформаның негізінен "айнасы" болып табылатын 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталды. Ерекше алаңдататыны – қазақстандық төлем ұйымдарының қолдауы, олар депозиттерді толықтыру мен қаражатты шешуді (кэшаут) қамтамасыз етіп отыр. Мұндай қаржылық "делдалдардың" бірқатары анықталды. Агенттік жақын уақытта олардың қызметіне құқықтық баға беретін болады. Онлайн-казинолардың қолжетімділігі, верификацияның жоқтығы және төмен ставкалары оларды аса қауіпті етеді, - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Айта кету керек, онлайн-казинолардың қызметі көбінесе есірткі саудасынан, қаржылық алаяқтықтан түскен қылмыстық табысқа негізделеді.
Жаңа "клиенттерді" тарту үшін олардың иелері миллиондаған оқырманы бар отандық блогерлерді пайдаланады. Олар оңай пайда табуды көздеп, қарапайым азаматтарды қаржылық тұзаққа түсіруде.
Жыл басынан бері агенттік 34 блогердің онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады. Олардың ішінде: Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданды, - делінген хабарламада.
Көбі айыппұлға қарамастан, онлайн ойындарды жарнамалауын тоқтатпайды. Мәселен, хип-хоп орындаушы "Baller" (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылған. 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар, блогер "Niko_nett" пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді. Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған. Ал Нұрғазы Тоқтаров ("Nakonay Qarapaiym") әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.
Өкінішке қарай, бұл істе қыздар да белсенді. Мәселен, Мариям Құлжабаева ("@oomariko") интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі.
Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр.