Аягөз ауданында әлеуметтік дүкендер жоқ, картоптың келісі 415 теңге
Абай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап кеткен

Аягөз ауданының әкімдігі азық-түлік бағасына мониторинг жүргізбеген және облыс орталығына берген мәліметте бағаны әлдеқайда төмендетіп көрсеткен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Заңбұзушылықты Аягөз ауданының прокуратурасы анықтады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларына жүргізген талдау барысында 19 түрлі тауардың 6 түрі белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен сатылғанын анықталды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар облыс орталығына шындыққа сәйкес келмейтін, яғни нақты бағаларды төмендетіп көрсеткен мәліметтерді ұсынған, - деп мәлімдеді аудан прокуратурасы. - Мысалы, картоптың шекті бағасы 275 теңге болып белгіленсе, оның нақты сатылу бағасы 415 теңгені құраған (+44%). Осыған ұқсас баға өсімдері сәбіз, пияз, қырыққабат, сүт және айран өнімдері бойынша да тіркелді.
Жергілікті атқарушы органда тиісті мониторинг жүргізбеген, бақылау болмаған соң баға өсіп кеткен. Одан өзге, ауданда әлеуметтік осал топтарға арналған әлеуметтік дүкендердің жоқтығы анықталды.
Прокуратураның араласуынан кейін баға мониторингі күшейтіліп, сауда нүктелерімен шекті бағадан асырып сатуға жол бермеу жөнінде жұмыс басталды. Аягөз қаласындағы екі дүкенмен әлеуметтік маңызы бар тауарларды төмендетілген бағамен сату туралы келісім жасалды, - деп мәлімдеді Аягөз ауданының прокуратурасы.