Қазақстанда жарты жылда 7,9 млн м2 үй пайдалануға берілген
Түркістан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында көбірек тұрғын үй пайдалануға берілген

Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
2025 жылдың І жартыжылдықтағы қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 3,3 триллион теңгені құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға артты. Оң динамика еліміздің 20 өңірінің 19-ында тіркелген, - деді министр. - Басты назар тұрғын үй құрылысына салынып отыр. Биылға жоспар – 19,2 миллион м2 тұрғын үй, оның 7,9 миллионы алғашқы жарты жылдықта пайдалануға беріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мұндағы көрсеткіш 6,6%-ға артты.
Ең көп өсім Түркістан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында тіркеліп отыр.
Министр атап өткендей, жалпы құрылыс саласы 2010 жылдан бері 7% шамасында өсім көрсетіп келеді. Ал соңғы екі жылда нақты көлем индексі тұрақты түрде 115%-дан жоғары болып отыр.