Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы 10 күн бойы тойланады
Семей қаласында 1–10 тамыз аралығында халықаралық және республикалық деңгейдегі ауқымды мәдени, әдеби, спорттық және қоғамдық шаралар ұйымдастырылады

Абай облысында мерейтойға орайластырылған 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ауқымды бағдарлама 1 тамыз күні "ABAY ACADEMIYASY" энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Бұл бірегей платформа ақын мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған. Сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен "Ақ жауын" оркестрінің концерті өтеді. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылып, "Асыл мұра" облыстық қолөнер фестивалі ұйымдастырылады, – деп атап өтті Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан.
Сонымен қатар, 2-6 тамыз аралығында Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады.
3 тамызда Абай театрында "Абай әлемі" рухани кеші өтсе, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен "Ақ жауын" оркестрінің қорытынды концерті ұсынылады.
5 тамызда "Ой толғау – Хәкім Абай" монооперасы сахналанады және 6 тамыз күні Абай алаңында "Абай елі – өнер кеніші" концерті мен Ә. Бөкейханов университетінде "Өлең сөздің патшасы" атты жас ақындар мүшәйрасы өтпек.
7–9 тамыз күндері Абай мұрасын ғылыми, әдеби және мәдени тұрғыда кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтеді. 7 тамызда халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші аясында "Абай жолы" энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайұлының "Абай Құнанбайұлы кім?" кітабының тұсаукесері болады. 8 тамызда Семейде "Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысы, Абай ауданында "Жеті қазына" ұлттық байқауының ашылуы өтсе, 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, "Жидебай-Бөрілі" музейінде көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының тұсаукесері мен 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Кешкісін орталық алаңда "Абайға тарту" концерті өтеді, – деді Жанжігіт Омархан.
10 тамыз – Абай күні. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімінен бастау алады. Одан соң еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылмақ.