Астанадағы ІІМ Басқару орталығының ашылуында "ақылды көзілдірік" таныстырылды
Президент тапсырмасы бойынша өтіп жатқан "Заң және тәртіп" апталығы аясында ІІМ Басқару академиясы ашылып, оған Үкімет басшысы Олжас Бектенов қатысты

Соңғы жылдары ағымдағы сын-қатерлерге қарсы күресті күшейту бағытында нақты шаралар қабылданды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Атап айтқанда, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылды, киберқауіптерге және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша мамандандырылған бөлімшелер ашылды, цифрлы инфрақұрылым мен талдамалық база нығайтылып жатыр.
Академияның құрылуы – Мемлекет басшысы жариялаған құқық қорғау жүйесінің даму жолындағы елеулі кезең. Біздің міндетіміз – кадрлық әлеуетті нығайту арқылы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа моделін енгізу. Институционалдық реформалар құқық қорғау органдарының сервистік моделін дамытуға ықпалын тигізеді. Президент ұсынған басым бағыт – азаматтардың қауіпсіздігі және “Заң және тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Президенттің тапсырмасы бойынша іске қосылған құқық қорғау органдарын қайта жаңғырту – стратегиялық ойлай алатын басқарушылар буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ технологиялық новацияларды енгізу құралдарын кеңейтіп, жаһандық цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай енгізу жағдайында көшбасшылық пен бәсекеге қабілетті жұмыстың заманауи тәсілдерін меңгеруге жол ашады.
Академияның ашылуы барысында Олжас Бектенов оқу орны инфрақұрылымымен, және құқық қорғау органдары қолданатын заманауи технологиялармен, атап айтқанда цифрлы зертхана, цифрлы шешімдер аудиториясы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жасанды интеллекті көмегімен талдау, кіріктірілген радар орнатылған патрульдік автомобильдерді қашықтан бақылау платформасы, роботтандырылған техника, "ақылды көзілдірік" және басқа да озық технологиялармен танысты.
Академия бағдарламасы басқару құзіреттілігін дамытуға, заманауи тәсілдерді меңгеруге бағытталған. Жыл сайын мұнда басшылық құрамды даярлау бағыттары бойынша 100-ден астам адам, сондай-ақ магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 30 адам білім алады. Бүгінде Академия ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерінен тыңдаушылардың алғашқы легін дайындауды бастады.