Елге жыл сайын 76 мыңға жуық көлік контрабандалық жолмен кіргізіледі
"AMANAT" партиясы автокөлік контрабандасына қарсы күресті күшейтуді талап етуде

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров соңғы жылдары бұл салада болып жатқан заңбұзушылықтарға назар аударып, статистикалық деректерге сүйеніп, нақты мысалдар келтірді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы халыққа Жолдауында шетелден жеткізілген көліктерді заңдастыруға және заңсыз тасымалға тосқауыл қоюға тапсырма бергенімен, бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі әлі де жеткіліксіз. 2023 жылдан бері Қаржы мониторингі агенттігі 11,8 миллиард теңге көлемінде салық төлеуден жалтарған 1821 автокөлікке қатысты 87 қылмыстық істі тіркеген. Бұл – ел экономикасына да, құқықтық тәртіпке де тікелей қауіп, - деді Ерлан Саиров.
Қоғам белсендісі Еркебұлан Құлбасов бұл мәселенің ауқымды сипат алғанын атап өтті. Оның айтуынша, елімізге жыл сайын 76 мыңға жуық көлік контрабандалық жолмен кіргізіледі.
Бұл көліктердің көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекаралас аймақтар арқылы жеткізіледі. Мұндай көліктердің көбінің құжаттары күмәнді екені анық, кейбір жағдайларда бір мемлекеттік нөмірмен бірнеше көлік қатынайды. Біз жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, қазіргі таңда ел ішінде уақытша иелік ететіндер саны 56 800-ден асып отыр. Ал кедендік рәсімдеуден өте алмай, салықтық міндеттемелерін орындай алмағандардың қатары 103 мыңға жеткен. Ішкі істер министрлігі мұндай көліктерді елге әкеліп, саудалаумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтап, құрықтап жатыр. Алайда заңсыз әрекеттер тоқтаған жоқ. Себебі сұраныс сақталған жерде, мұндай ұсыныстар да жалғаса береді, - деді ол.