Алғаш рет колледж студенттерін халықаралық сертификаттау басталды
Еліміздегі бес колледжде Certiport платформасы негізінде халықаралық сертификаттау жүйесі пилоттық режімде іске қосылды

Ол студенттерге шетелде тағылымдамадан өтіп, жұмыс табуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Certiport - бұл цифрлық технологиялар мен кеңсе бағдарламалары саласында кәсіби сертификаттауға бағытталған халықаралық платформа. Ол білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі - ұлыбританиялық Pearson компаниясының құрамына кіреді.
Халықаралық сертификаттау жүйесі Certiport платформасы негізінде іске қосылып, қазіргі таңда пилоттық режимде еліміздің бес колледжінде қолжетімді. Қазақстандағы алғашқы ресми тестілеу орталығы (CATC) "Talap" КЕАҚ базасында ашылды, - деп мәлімдеді ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Certiport сертификаттары әлемнің 152 елінде танылған, олардың қатарында - АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Австралия және Таяу Шығыс елдері бар.
Бұл қазақстандық колледж студенттерінің өз дағдыларын халықаралық стандарттар бойынша дәлелдеп, шетелдік жұмыс берушілер тарапынан танылуына, шетелде тағылымдамадан өтіп, жұмыс табуда артықшылыққа ие болуына және жаһандық еңбек нарығына шығуына мүмкіндік береді.
Бүгінде төрт студент өз кәсіби құзыреттерін растап, халықаралық сертификаттарға ие болды.