Өскемендегі №1 қалалық ауруханадағы жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады
Абай даңғылындағы бұл аурухананың ғимараты жөндеу көрмегеніне 40 жылдан асқан

Жұмыстар былтыр басталған, 2026 жылы аяқталмақ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының басшылығы 40 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген бұрынғы №1 қалалық аурухананың ғимаратын толық жаңғыртуды қолға алды.
Халық арасында әлі күнге "1-қалалық аурухана" деп аталатын Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы бұрыннан сынға ілініп келе жатқан. Бірнеше рет жөндеу жұмыстары басталады деп айтылғанымен, тек жекелеген бөлмелерді жөндеумен шектеліп келді.
Бүгінде аурухананың барлық дерлік жүйелері - желдету жүйесінен бастап, палаталардағы шақыру батырмаларына дейін жаңартылып жатыр.
Жөндеу жұмыстары былтырғы мамырда облыс әкімі мекемеге арнайы келіп, жағдаймен егжей-тегжейлі танысқаннан кейін ғана басталды. Содан соң электр жүйесін, желдетуді және инженерлік коммуникацияларды ауыстыруға қаражат бөлінді. Қазір "Қазцинк" компаниясының қолдауымен гинекология бөлімі жөнделіп жатыр. Екі аптадан кейін пациенттер жаңа палаталарға көшеді. Сонымен қатар, аурухана аумағы да абаттандырылып жатыр. Жалпы, барлық бөлімшелер кезең-кезеңімен жаңартылады, – дейді ШҚО ММО бас дәрігері Шолпан Макашева.
Жөндеу жұмыстарының жалпы ұзақтығы – сегіз ай. Аяқталу мерзімі – 2026 жыл.
Ғимараттың ескі желдету жүйесі толық ауыстырылды. Бұрын ауа айналымы дұрыс болмаған. Енді палаталарға дәретханалар орнаттық – бұл науқастарға барынша қолайлы жағдай жасау үшін қажет болды. Бұл жұмыстар 90% аяқталды, 30 маусымға дейін толық тапсырылады, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Амангелді Сембинов.
Аурухананың қабылдау бөліміне күніне 200-ге жуық адам жүгінеді. Қабыладу бөлімінің дәлізі тар, бөлмелері ескі.Енді бұл бөлім де түбегейлі өзгереді. Оған бюджеттен емес, жеке инвестиция есебінен 1 миллиард теңгеден астам сома тартылған.
Қазіргі қабылдау бөлімінің ауданы – 350 шаршы метр, бұл санитарлық талаптарға сай емес. Болашақта республикалық нефрологиялық орталық – "BB Nura" ЖШС қолдауымен жеке ғимарат салынады. Оның ауданы шамамен 1000 шаршы метр болады. Бірінші қабатта – қабылдау-диагностикалық бөлім, екінші қабатта – гемодиализ төсектері бар нефрология бөлімі орналаспақ, – дейді бас дәрігердің орынбасары Марат Нұрбикенов.
Жергілікті атқарушы органдардың бастамасы мен серіктестердің қолдауының арқасында бұрынғы №1 қалалық аурухана тек сырттай емес, толықтай жаңарып, қазіргі заман талабына сай медициналық мекемеге айналуда.