Мектеп асханаларына тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі
Жаңа мәзір салауатты диета бойынша халықаралық ұсынымдарға сәйкес әзірленбек

Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Тамақтанудың жаңа стандарты мен көп нұсқалы үлгілік перспективалық мәзірді ұсынды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл мәзір премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында енгізілмек.
Тамақтанудың жаңа стандарты дұрыс тамақтануға бағытталған, атап айтқанда семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың даму қаупін азайту мақсатында қантты 3,6 есеге, тұзды 5 есеге дейін азайтуды көздейді, - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, бұл норма инфекциялық емес ауруларды, атап айтқанда, балалардағы семіздікті 15%-ға дейін, қант диабетін 20%-ға дейін, артериялық гипертензияны 18%-ға дейін және басқа да созылмалы ауруларды 15%-ға дейін азайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, Тамақтану стандартында ас блоктары жоқ шағын жинақталған мектептер үшін мәзір көзделген, алғаш рет мектеп тағамдарына қанағаттану деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін Жеуге жарамсыздық индексі (ыдыстағы тамақ қалдықтары) ұғымы енгізілді.
Тамақтанудың жаңа стандарты білім беру объектілері мен мектепке дейінгі балалар объектілеріне қолданылады.