Жаңа үлгідегі 1000 теңгелік банкноталар айналымға шықты
Бұл "Сақ стилі" сериясымен шыққан төртінші жаңа банкнота

Қазақстан Ұлттық Банкі 28 наурыздан бастап жаңа дизайндағы номиналы 1 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ол қазақы ою-өрнектің түп негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін "Сақ стилі" элементтеріне негізделген.
Дегенмен, банкноталар жаппай қолданысқа 2025 жылдың екінші жартысында беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет, - деп ескертті Қазақстан Ұлттық Банкі.
Банкноталардың түсі – қоңыр және ашық қоңыр.
Банкнотаның бет жағында:
- көкте қалықтап ұшқан құс пен "Өмір ағашының" бұтағы (Есік қорғаны, б. з. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
- ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
- артефакт – төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символы ретінде (Бесоба қорғаны, б. з. д. 6-4 ғғ., Орал өңірі, Батыс Қазақстан).
Банкнотаның артқы жағында:
- ою-өрнекпен стильденген қалқан фонында Төбет пен Тазы тұқымдас иттер;
- дөңгелек қазақ халқының ою-өрнегі, "қалқан" бейнесі – құндылықтарды қорғау нышаны, ежелгі символ – төрт тарап, ортасындағы күн белгісі – жасампаздық энергиясы мен өмір нышаны.
- Сондай-ақ, банкнотаның сырт жағында артефакт, төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символын (Қырық-Оба қорғаны, б. з. д. 7-6 ғғ., Батыс Қазақстан) көрсетеді. Банкнотаның ортасында фон ретінде ою-өрнек стилінде бейнеленген шексіздік символына тән Қазақстанның дала жоталары берілген.
Номиналы 1 000 теңгелік жаңа банкноталар 2025 жылғы 28 наурыздан бастап айналымға енеді және айналымда жүрген 2014 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) екі жыл бойы ауыстырылады. Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнота екі жыл ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылдың 28 наурызынан 2027 жылдың 27 наурызына дейінгі аралықты қамтиды. Ол кезең аяқталған соң, яғни 2027 жылғы 28 наурыздан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноталарды 3 жыл ішінде, яғни 2030 жылғы 27 наурызға дейін жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында оларды мерзімсіз айырбастауға болады, - деп ескертеді Қазақстан Ұлттық Банкі.