ШҚО-да тұрақтандыру қорында тек 35 тонна картоп қалған
Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 1,6 мың тонна картоп бар деп мәлімдеген

Тексеріс нәтижесінде оның тек 35 тоннасы ғана болған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкіметте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков өңірлердегі көкөніс қорларының босатылу барысы туралы хабарлады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 12 наурыздағы жағдай бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) тұрақтандыру қорлары үшін келісімшарт жасаған картоп қоры 41,3 мың тоннаны құрайды. Алайда кейбір өңірлерде жүргізілген тексеру нәтижесінде мәлімделген көлем мен картоптың нақты қоры арасында айтарлықтай айырмашылық бар екені анықталды.
Маңғыстау облысында мәлімделген ӘКК-ның 2,5 мың тоннадан астамының тек 25 тоннасы ғана нақты расталды. Шығыс Қазақстан облысында мәлімделген ӘКК-ның 1,6 мың тоннадан астамының тек 35 тоннасы ғана болған. Атырау облысында мәлімделгені – 394 тонна, расталғаны – 110 тонна. Абай облысында мәлімделгені 2,2 мың тоннадан астам, расталғаны 183 тонна. Жамбыл облысында мәлімделгені 2,6 мың тоннадан астам, тексеру нәтижесінде бар болғаны 308 тонна расталды. Ұлытау облысында ӘКК 1,8 мың тоннадан астам деп мәлімдегеннің нақты 827 тоннасы болған. Батыс Қазақстан облысында ӘКК мәлімдеген 2,3 мың тоннадан астамының 1,3 мың тоннасы расталды, - делінген ақпаратта.
Анықталған кемшіліктер негізінде вице-премьер облыс әкімдерінің орынбасарларына картоп қорларының дұрыс бақыланбауына байланысты сөгіс жариялады. Серік Жұманғарин Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанын атап өтті. Мәселен, асыл тұқымды малдарды экспорттауға тыйым салынды, картопты үшінші елдерге экспорттауға алты айға шектеу енгізілді, импорттық тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым енгізіледі. Дегенмен, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті бақылау болмаса, қабылданған шаралардың нәтижелері тиісті әсер бермейді.
Қазіргі уақытта Қазақстанға Пәкістан мен Қытайдан арзан бағадағы импорттық картоп жеткізу бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Қазірдің өзінде Сауда комитеті мен "KTZ EXPRESS" экономикалық операторымен бірге 4000 тонна астам картоп импортталды, тағы 700 тонна жолда.
Қосымша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Азық-түлік корпорациясы" АҚ бірлесіп көкөніс бағаларын тұрақтандыру үшін өзара іс-қимыл схемасын әзірледі. Бұл схема әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен "Азық-түлік корпорациясы" арасындағы өзара іс-қимыл арқылы өнім жеткізу және өндірушілерді қаржылық қолдау көрсету үшін қарастырылған.