Жетісуда ер адамнан 800 мың теңге бопсалаған үш қыз ұсталды
Қыздар ер адамды зорламақ болды деп айыптап, одан ақша талап еткен

Қыздар ол азаматтың бүкіл құжатын тартып алған көрінеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Polisia.kz ақпаратына сүйеніп.
Полиция анықтағандай, ақпан айында Б. есімді азамат "Друг Вокруг" мобильді қосымшасы арқылы А. есімді қызбен танысқан. Хат алмасу барысында А. оны өз үйіне қонаққа шақырған. Алайда ол көрсетілген мекенжайға келгенде, пәтерде тағы екі бейтаныс қыз болған. Біраз уақыттан кейін олардың бірі оған басқа бөлмеге барып оңашалану туралы ұсыныс жасаған. Ер адам мен қыздардың бірі бөлмеге кіріп, шешіне бастаған кезде, кенеттен екі қыз ішке баса-көктеп кіріп, айқайлап, оны кәмелетке толмаған қызды зорламақ болды деп айыптаған, - делінген ақпаратта.
Алаяқ арулар полицияға хабарламау үшін ер адамнан 800 мың теңге талап еткен. Ал кепілдік ретінде оның жеке куәлігін, техникалық паспортын және жүргізуші куәлігін алып, толық соманы алғаннан кейін құжаттарын қайтармақшы болған.
Күдіктілердің қысымынан сескенген ер адам екі рет 50 мың теңгеден беріп үлгерген. Алайда 30 мың теңгені беру кезінде күдіктілерді құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстады. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмысқа қатысы бар басқа да адамдардың бар-жоғын тексереді, - деп жазды Polisia.kz.