Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?
Үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды

Көктемгі каникул кезеңі 21 наурыз бен 31 наурызды қоса алғанда он бір күнге жалғасады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйеніп.
Мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11-сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді, - деп мәлімдеді министрлік.
Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:
• театр фестивальдері мен қойылымдары;
• шеберлік сабақтары;
• қауіпсіздік сабақтары;
• мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
• спорттық ойындар;
• қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.