Перизат Қайратқа қатысты тағы бір қылмыс белгілі болды
Ол мүгедек балаларға оңалту орталығын ашу сылтауымен жиналған қаражатты да қалтасына басқан

Орталық сол қалпы салынбады, ал қайырымдылық аукционынан түскен 22 миллион теңгені өз қажеттіліктеріне жұмсапты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратына сүйеніп.
2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүгедек-балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңадан тергеу тіркелді, - деп мәлімдеді агенттік. - Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында "Батыр" қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан.
Перизат Қайрат таратқан жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан.
Сонымен қатар, ол "Батыр" қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл учаскені 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған.
Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр.
Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.