Шетелдік азаматқа 2 мыңға жуық sim-карта не үшін қажет болған?
ҚР ІІМ Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрып жатқан шетел азаматын қолға түсірді

Ол Қазақстанда алаяқтық жасамақ болған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл қызметінің жедел уәкілдері үйді тексеру барысында үш sim-box құрылғысын тапты. Олардың әрқайсысында 32 sim-карта слоты болған. Сондай-ақ әртүрлі ұялы байланыс операторларының екі мыңға жуық sim-картасы тәркіленді.
Құрылғылардың көмегімен қазақстандықтарға алаяқтық қоңыраулар жасалған. Шетелдік азаматтың біздің елге былтыр желтоқсан айында келіп, алаяқтық әрекеттер жасау үшін аталмыш жабдықтарға қызмет көрсетумен айналысқаны анықталды. Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.