Су саласында 200-ден астам тәуелсіздік құрдастары еңбек етеді
Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 33 жыл толды
Еліміздің су саласында 200-ден астам тәуелсіздік құрдастары еңбек етеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Атап айтқанда, министрлікте 1991 жылы дүниеге келген 10 маман, "Қазсушар" филиалдарында 202 және бассейндік инспекцияларда 3 сушы бар.
Қазақстан егемендігін алған жылы туған отандастарымыз бүгінде су саласының білікті мамандарына айналып, елімізді дамытуға өз үлестерін қосып жатыр. Олардың кейбірі қарапайым жұмысшыдан бастап, басшылық қызметке дейін көтерілген.
Менің әкем су саласында 42 жыл еңбек еткен осы саланың ардагері. Мен де әкемнің жолын қуып, сушы мамандығын таңдадым. Осы салада 10 жылға жуық еңбек етіп келемін. Бүгінгі таңда аға инженер-гидротехник лауазымына дейін көтерілдім. Тәуелсіздіктің құрдасы болу – үлкен жауапкершілік. Сол себепті жұмыста да, күнделікті өмірде де абыройлы болуға тырысамын, - дейді Қызылорда облысы бойынша "Қазсушар" филиалы өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі Айдос Ибадильдаев.