"Беташар" ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының тізіміне енді
Қазақтың ежелгі салттарының бірі «Беташар» ЮНЕСКО тізіміне енді
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Парагвай астанасы Асунсьонда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қазақтың ежелгі салттарының бірі «Беташар» адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді, - деп жазды Ерлан Қарин.
Айта кетейік, беташар қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды.