Биыл Қазақстан 12 тонна астық экспорттауды жоспарлап отыр
Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның ішінде 6,5-7,5 млн тоннасы – бидай
Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжануда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Үкіметі ақпаратына сүйеніп.
Экспорт географиясы 40-тан астам елді қамтиды. Дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис. Биылғы қараша айының соңына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық, - деп мәлімдеді ҚР Үкіметі. - Өзбекстанға экспорт көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді. Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті. Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті (өткен жылы 304 мың тонна), Ауғанстанға жеткізілімдер көлемі 71%-ға ұлғайып, 115 мың тоннаны құрады (өткен жылы 67 мың тонна болған). Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін – 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты.
Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Негізгі нарықтар – Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түркменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі пысықталуда.
Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанда астықты тасымалдауды жоспарлау үшін жедел астық штабын құру жұмыстары басталды. Экспорт географиясын кеңейту мақсатында халықаралық дәліздер құру жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр.
Нарыққа реттеуші ықпал тигізу мақсатында "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ егіншілерден астық сатып алады, - делінген Үкімет ақпаратында. - Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмаларын орындау аясында жаңа өнім тікелей сатып алынатын болады. Бірінші кезеңде Үкімет резервінен 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу арқылы 150 мың тонна өнімді нарықтық бағамен сатып алу ұсынылып отыр. Алдымен шағын шаруа қожалықтарынан астық сатып алынбақ. Бұл өнімнің әділ бағамен сатылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ артық астықты сатып алу тетігін енгізу арқылы ішкі нарықтағы баға жағдайына делдалдар ықпалын барынша азайту көзделіп отыр. "Азық-түлік корпорациясы" белгіленген стандарттар мен сапа талаптарын сақтай отырып, астықты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден конкурстық шарттармен сатып алады.