Биыл 16,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралған
Жыл басынан бері 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қандастардың 45,9%-ы Қытайдан, 39,2% Өзбекстаннан, 5,8% Моңғолиядан, 5,2% Түрікменстаннан, 2,8% Ресейден және 1,1% басқа елдерден келген.
Қоныс аударған қандастар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына таңдалды, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 2 390 қандасқа түрлі әлеуметтік қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, 763 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша шаралар қабылданған. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін, экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз қаржылай көмек бере алады.