Қазақстанда Жылқы шаруашылығы институты құрылды
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы аясында Мемлекет басшысы осындай тапсырма берген болатын
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратынша, Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде "Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты" ЖШС құрылды. Мекеме "Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы" құрамында, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жаңа құрылған институттың жұмысы – асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартуға, жылқы шаруашылығын белсенді дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Жергілікті қостанай, адай және соғымға арналған мұғалжар, жәбе, күшім генотиптерін көбейту үшін селлекциялық және асылдандыру бағытында жұмыстар белсенді жүргізілмек. Ол үшін жылқылардың әртүрлі генетикалық топтары туралы ақпаратты сақтайтын деректер қорын және ұрықтар мен эмбриондар банкі құрылмақ. Сондай-ақ, биелерді қолдан ұрықтандыру зертханалық пунктін салып, арнайы жылқы өсіруші мамандарын дайындау жоспарланып отыр. Арнайы жылқы ветеринарлық клиникасын ашу арқылы ветеринариялық қызмет көрсету деңгейінің сапасы жақсарады - дейді мамандар.
2035 жылға дейін жылқы шаруашылығында ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының бірі отандық популяциядағы жылқылардың генетикалық әлеуетін селекциялық, технологиялық әдістермен арттырып, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің тауар шаруашылықтарына кеңінен енгізу. Мұның бәрі өсірілетін тұқымдардың өнімділігінің 20-25%-ға өсуін қамтамасыз етеді.