Қорғаныс министрі әскердегі тәртіпті күшейтуге тапсырма берді
Қорғаныс министрі әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауды ерекше бақылауға алды
Қорғаныс министрі әскерлерде құқықтық тәртіпті, сондай-ақ әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған шаралар жүйесін күшейтуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ОКҚ ақпаратына сүйеніп.
Қарулы күштерде құқық бұзушылықтарды тоқтату аясында көптеген шаралар қолданылады. Мәселен, "Жауынгерлік дос"жүйесі, яғни, әрбір келген әскери қызметшінің қасында екінші жауынгерлік досы болады. Оның басты міндеті – оны басқа бір жағымсыз жағдайлардан сақтап, қорғап жүру. Одан басқа, "Пирамида"жүйесі бар, - деді ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев. - Сонымен қатар, сарбаздар "Отбасымен бейнеқоңырау"қызметі арқылы туыстарымен хабарласа алады. Әрбір бөлімде ата-аналар чаттары құрылған. Құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын алу мақсатында әрбір әскери қызметші жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер мен сенім телефондары жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, қызметтік үй-жайлар, оның ішінде казарма орналасқан жер бейнекамералармен жабдықталған. Ол үшін штаттарға оператор лауазымдары енгізілген.
Әскери қызмет туралы ARMIA.KZ арнайы ақпараттық сервисінен білуге болады.
Қорғаныс министрлігі сервисті Қарулы күштерді цифрлық трансформациялау және "Еститін Үкіме" қағидаты бойынша ел азаматтарымен өзара іс-қимылды жақсарту шеңберінде әзірленді. Оның мақсаты – әскери қызмет пен Қарулы күштер туралы ашық, шынайы және өзекті ақпарат беру арқылы азаматтардың әскерге деген сенімін арттыру болып табылады.
Сервисте ақпараттарды жылдам іздеуді және сұрақтарға жауап беруді қамтамасыз ететін кіріктірілген жасанды интеллект бар, бұл халықпен өзара іс-қимыл деңгейін едәуір арттырады, - деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Оның айтуынша, әскерде тұрақты негізде профилактикалық онкүндіктер, акциялар, айлықтар, анонимді сауалнамалар, психологиялық тренингтер, дене тексерулері өткізіледі. Бұл ретте дене тексерулері тері ауруларын, сондай-ақ дене жарақаттарын анықтау үшін медицина қызметкерлерімен және әртүрлі дәрежелі командирлердің қатысуымен күн сайын жүргізіледі.
Ондай жағдайлар анықталса, әскери полиция, әскери-тергеу басқармасы қызметкері шақырылып, тексеру жүргізіледі, - деді спикер.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі, ата-аналар чаттары, сарбаздардың ата-аналары кіретін бөлімшелер чаттары бар. Сарбаз аналары комитетінің өкілдеріне әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы кезінде барлық әскери бөлімдерге, сондай-ақ облыстық (аудандық) жинау пункттеріне тәулік бойы кіруге рұқсат берілген.