Өскемен
облачно
+13°
  • Өскемен
    +13°
  • Алматы
    +15°
  • Астана
    +1°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    +3°
  • Көкшетау
    -3°
  • Қостанай
    -4°
  • Қызылорда
    +8°
  • Павлодар
    +3°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +18°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +17°
$
489.36
+1.25
533.45
+3.36
¥
68.97
+0.45
4.99
-0.02
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Күшілік хан - Найман мемлекетінің соңғы ханы

Өскеменге Қырғыз Республикасындағы Памир таулларының бөктерінде жерленген Күшлік хан зиратының топырағы әкелінді

Газета / Күшілік хан - Найман мемлекетінің соңғы ханы
Фото:
авторд ұсынды

Наймандар - ғұндар дәуірінен бері жалауы жығылмай, танауы бұзылмай, мың өліп, мың тіріліп келе жатқан рулардың бірі. Әмәлиятында, рулық қауым деңгейінен өтіп, хандық, патшалық дәрежесіне жетіп, өз алдына дербес мемлекет құра білген шығыс Азиядағы бірден бір ұлыс. Күллі дүниежүзі мойындаған, әлемнің жартысы "жасампаз баһадүр", жартысы "қанқұйлы басқыншы" деп таныған бір ғана билеуші бар. Ол - Шыңғысхан. Сол Теміршынның өзі (Темучин) жиырма жылдай соғысып жүріп, әрең бағындырған Наймандар еді.

Найман мемлекетінің атақ-даңқы ХІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап шыға бастады. Астанасы Орхон өзенінің жағасындағы Балықты қаласы болатын. Әйгілі тарихшы Рашид-ад-дин найман ұлысының жер аумағы туралы былай деген: "Найманның бір бөлігі биік тауды жайласа, екінші бөлігі жазықты жерді мекендеді. Негізгі шекарасы - Алтай таулары, Қарақорым, Сирас және Көк Ертіс, Моғолстанға дейінгі аймақ".

Ежелгі қытай деректерінде Найман хандығындағы ру-тайпаларды сегіз топқа бөлген. Олар: Төре Найман, Бетеге Найман, Ақсауыт Найман, Көшеуіт Найман, Барлас Найман, Дүрмен Найман, Найман керек, Найман қаңлы. "Найман" этнонимі осы сегіз тайпаны моңғолша "нәмін" - 8 деп атауынан шыққан деген болжам бар. Осы сегіз рулы елдің ішінде хандық тақты Төре Наймандар иеленіп келген. Біздің әңгімемізге арқау болатын Таян хан мен оның ұлы Күшлік хан да осы тектен.

Өркениеті дамыған жалғыз ел

Рашид-ад-дин өзінің "Жамиғат-тауарих" кітабының "Бартан батырдың ұлы Есугей баһадүр туралы баян" деген тарауында елу жастағы Темучиннің Найман елінің ханы Таян ханды өлтіргеннен кейін ғана моңғол билеушісі атанып, оған Шыңғыс хан атағы берілгенін жазады.

Таян хан жеңілгеннен кейін оның құжаттама-хаттама жұмыстарын жүргізіп отырған, мемлекетті басқару ісіне жауапты, патшасына адал Тата-Тұңға хандықтың мөрін сақтаймын деп алып қашып бара жатқанда қапыда қолға түседі. Оны нояндардың бірі Шыңғысханға алып келген екен. Қаған оны өз империясының іс-қағаз жұмыстарын басқару лауазымына, сондай-ақ ұлдарына ұстаз тағайындайды. Шыңғысхан ұлысының білім-ғылымға бет бұруы, кеңсе жұмыстарын қолға алуы 1204 жылы Тата-Тұңға қолға түскеннен кейін басталды. Ордада ресми және әкімшілік тіл есебінде найман тілін қолданғаны жөнінде Рашид-ад-диннің жазбаларынан анық байқауға болады. Бұның бәрі - орталық және шығыс Азиядағы ру-тайпалардың ішінде бір ғана хандықтың патшалық дәрежесінде болатынының және ол Найман мемлекеті екенінің дәлелі. Тарихшы Рашид-ад-дин Таян ханға дейінгі Темучиннің жасаған жорықтарының бәрін үлкен соғыс емес, жай ғана тайпалар арасындағы қақтығыс деп сипаттайды. Ал сол заманның тарихшылары Шыңғысхан мен Таян ханның шайқасын "ұлы соғыс" деп атайды.

Осы себепті де, шығыстағы жазу-сызуы бар, кеңселік хаттама жұмыстары жолға қойылған, мөрді алғашқы болып пайдаланған, шет елдермен елші алмасқан, қарым-қатынас жасаған, заңнамалары бір ізге түскен жалғыз өркениетті мемлекет - Найман хандығы деп зор сеніммен айта аламыз.

Шыңғысханмен болған соңғы шайқаста әкесі Таян хан ауыр жараланып қаза табады да, ұлы Күшлік аз ғана қолмен қоршауды бұзып, Жетісуға қарай кейін шегінуге мәжбүр болады. Жетісу өлкесі ол кезде қарақытай-қидандардың иелігінде еді. "Таян ханның ұлы Күшлік хан Түркістан аймағына келіпті" деген хабарды естіген осы өңірдегі барлық наймандар Күшлік ханның қол астына жиналып, жойқын күшке айнала бастайды. Күшлік хан Жетісудағы Гурхан билігін тартып алуды көздеп, қидандарға қарсы соғыс ашады. 1204 жылы Шыңғыс әскерінен жеңіліп шегінген наймандар арада сегіз жыл өтпей жатып Қарақытайлар империясының билігін өз қолына алды. Тұрсын Жұртбай қидан-қарақытай мемлекетінің территориясы туралы былай дейді: "Олар қиыр шығыстағы Уссури өлкесінен бастап, Орта Азиядағы Әмударияға дейінгі ұшы-қиырсыз, аса кең өлкені алып жатты. Қазіргі қазақ даласына қарата айтсақ қидандар Алтай сілемдерінен бастау алып, Табағатайдан асып, Жетісуды, Балқаштың терістігі мен Қарқаралы тауларын ішіне алып, Қаратау мен Алатауды қосып, Жамбыл, Шымкент өңірін қамтыды".

Топырақ әкелген кімдер?

Күшілік хан - шамамен 1180-1218 жылдары өмір сүрген. Өз тұсындағы ілім-білімді игерген, мемлекет ісіне ерте жастан араласқан, Хан ордасындағы тәрбиеден толық өткен ханзада әкесінің жолын жалғастырып, тіуелсіздік жолында күресіп, өліспей беріспеуге шешім қабылдады. "Күшлік" сөзі қазіргі біздің тілімізде "күшті, мықты, ықпалды" деген мағына береді.

Бабамызға бұл атты тегіннен тегін қоймағаны, шын мәнінде оның өте білімді әрі жауынгер болғанынынан хабар беретіндей.

Күшлік хан қысқа уақыт ішінде найман, меркіт, керейлердің үлкен тобын жинап, жасақты әскерге айналады. Қоқан-лоқы жасап маза бермеген Хорезмді де соғысып талқандайды. Қашқар, Тұрпанды да басып алады. Найман хандығының қайтадан күшіне енуі Шыңғысханға ұнамады. 1218 жылы Жебе ноян бастаған жиырма мың таңдаулы жасақты Күшлік ханға аттандырады. Тәжікстанның таулы Бадахшанындағы Сарыққолда Жебе ноянмен жекпе-жекте Күшлік хан қаза табады. Кейбір деректерде Найманның соңғы ханының басын Шыңғыс қағанға алып келгені туралы айтылады. Сонда Шыңғыс хан Күшліктің денесіз басын жуып-тазалатып, қадірлеп, көрнекі жерге қойғызып, ұлдарына: "Артында мынадай ұл қалған әкеде арман бар ма?! Атымды - белдеуден, қылышымды - белбеуден алғызбай он бес жыл соғысып, мені шар болаттай шыңдаған осы найман еді. Енді, мына әлемде менімен тең тұрып айқасар кім бар? Үйреніңдер! Қайсар ұлдың басын ханға лайық құрмет жасап, арулап жерлеңдер!" - депті.

2016 жылы халықаралық "Кетбұқа-Төлегетай" қоры құрылған болатын. Міне, сол қордың құрылтайшылары мен мүшелері үстіміздегі тамыз айының 9-13 аралығында Қырғызстан Республикасына экспидиция ұйымдастырды. Ұлан ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз, меценат Қайрат Мусин бастаған он алты адам Қырғызстан, Тәжікстан жерін аралап, сол сұрапыл соғыс болған жерді көріп қайтты.

Күшлік хан мен оның әскері жерленген мола-қорымға зиярат етіп, өздерімен бірге Ұлан ауданының Атығай асуынан ала кеткен топырақты сеуіп, құран бағыштады. Экспедиция мүшелері елге жәдігер ретінде Күшлік ханның зиратынан да бір уыс топырақ алып қайтты.

Өткен жексенбіде, сол топырақ салынған капсуланы жер қойнына табыстау үшін алыс-жақыннан келген ел ағалары, зиялы қауым өкілдері - жиыны жетпіске шақты ер-азамат Өскемен қаласынан екі шақырым жердегі атақты Атығай асуына жиналды.Темір құтыны көмген соң, үстіне темірден тіреу қағылып, ескерткіш тақта орнатылды.

Бұл жерде Қырғыз Республикасындағы Памир тауының Алтын мазар асуында жерленген Найман мемлекетінің соңғы ханы Таян ұлы Күшліктің мазарынан жәдігер ретінде әкелінген топырақ көмілген. Мына тақтатас орнатылған жерге келешекте үлкен ескерткіш немесе кесене салуымыз керек. Бұл - бізге аманат, бізден кейінгі буынға - аманат, - деп сөз бастады кәсіпкер, меценат Қайрат Маратұлы.

Жиын соңы Қасым Қайсенов кентінің мешітінде жайылған дастарханға - асқа ұласты.

Мен де осы бір тарихи экспедицияға қатысып, қырғыз бен тәжіктің шекарасындағы Памир тауына барып қайттым. Мен бүгінгі күнді де тарихи күн деп айтар едім. Өйткені бұл жалғыз Өскемендегі, шығыстағы жұрттың қуанышы емес. Бүкіл әлемдегі бес жарым миллион найман еліне ортақ сүйінші хабар. Сондықтан да, бәріңізді тарихи сәттің куәгері деп білемін, - деді арнайы елордадан келген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел.

Тағылған айыптың барлығы - жала

Найман мемлекеті құлаған соң Азияның ұлан-ғайыр даласында Шыңғысханға ешбір ел қарсы тұра алмады. Шартарапта емін-еркін көшіп-қонып жүрген ру-тайпалардың бірі қырылып кетті, бірі Алтайдан асып итжеккенді паналады. Енді бірі жаңа империяның құрамына сіңіп кетіп жатты.

1540 жылдары, арада үш ғасырдан көп уақыт өткенде Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: "Күшілік хан ханифиттердің таза дінін кәпірлікке айырбастауға мәжбүр етті. Аллаға бас июдің орнына қарғыс атқан сайтанға мойынұсындырды". Алайда М.Х. Дулати Күшілік заманынан 300 жыл кейін туған адам. Тарихшының шымбайына батқаны, Күшліктің мұсылмандарға қатты қысым көрсеткенінде ғана. Шынтуайтына келгенде, мұсылмандар мемлекет ішінде Құран талаптарымен ғана жүргісі келеді, басқа билік түрін мойындамайды. Ал Күшілік хан мемлекеттік заңдарды бірінші кезекке қойып, дін талабына емес, заң талабына бағынатын мемлекет құрғысы келді. Өркениетке ұмтылды. Міне, найманның соңғы ханының даналығы.

Бүгінгі таңда қазақ деп аталатын елдің құрамындағы, сол кездегі Көк Түрік руларының негізі найман, керей, қыпшақтардың құрамында немесе ықпалында болғаны даусыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы қазіргі көп рулардың Шыңғысхан тұсында найманның құрамында екенін жасырмай, бүкпей жазды.

Батыстағы Рим Папасының, Еуропа ғалымдарының бұрын да, осы күні де "наймандар заманында шоқынған, христиан болған, будда болған" деген дақпырты мен құмарлығын түсіну қиын емес. Көшпелі шығыстағы өркениет қалыптасқан, жазу-сызуы бар жалғыз ел - Найман мемлекеті. Христиан басшылары мен тапсырма орындаушы тарихшылары осы арқылы "көрдіңдер ғой, осындай дәрежеге тек қана христиан діні арқылы жетуге болады. Христиан діні ғана жабайылықтан құтқарады" дегісі келді.

Анығында Күшлік хан христиандықты да, буддашылдықты да енгізуге ұмтылған жоқ. Оның сенімі Тәңіршілдік болды. Күшлік ханды тұрақсыз, құбылмалы етіп көрсетуге барын салып тырысқан қытай елі. Жазылған кейбір тарихи деректер де, түсірген кинолары да қып-қызыл өтірік. Егер Күшілік хан түлкі бұлаңға салып, біреудің сөзіне еріп кететін, құбылмақ адам болса, Шыңғысханмен соғысуға бір бекініп, өле-өлгенше айқасып өтпес еді. Не десек те тарих өзінің шынайы бағасын алады. Біздің бүгінгі қуанышымыз бабамызға туған жерінен топырақ бұйырып, жатқан жерінің бір уыс топырағының елге әкелінуі. Ұзағынан сүйіндірсін!
Фото:
автор ұсынды
Следующая →