Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Ә. Төленұлы: "Серілік құрып, көңілді жүргенді ұнатамын"

Алтай тауын жайлап жатқан Катонқарағай деген жұмақ мекенде сегіз қырлы, бір сырлы, бойына тоқсан өнердің басын тоқайластырған өзі спортшы, өзі ақын, өзі әнші, өзі асаба, өзі атбегі, өзі электрик бесаспап Әзиз Төленұлы деген азамат тұрады

Газета / Ә. Төленұлы: "Серілік құрып, көңілді жүргенді ұнатамын"
Фото:
Ә. Төленұлының жеке мұрағатынан

Төр Алтайдың топырағы кімдерді түлетпеген?! Жазушы, ақындар да, палуан батырлар да, басына бақ, қолына дәулет біткен қалталы байлар да шыққан бұл өлкеден. Кейде, ілгеріде өткен серілер мен салдардың, палуандар мен мықтылардың сарқыншақ-сарқыты осы күні ел ішін елес болып кезіп жүргендей көрінеді. Ал енді олар алдамшы сағым емес, бұрынғылардың жұрнағы болып шықса ше?!

Сегіз қырлы, бір сырлы ағамызбен сыр-сұхбат құрудың сәті түсті.

Әзиз аға, туып-өскен жеріңіз, өскен ортаңыз жайлы сөз қозғау үшін балалық шаққа шегініс жасайық...

Мен 1976 жылы Катонқарағай ауданының Қабырға ауылында дүниеге келдім. Бастауыш сыныпты осы ауылдың мектебінде оқып бастадым. Кейін Катон ауылындағы Евгений Рыков атындағы мектепке ауысып, 11-ші сыныпты аяқтадым. Орыстың атында болғанымен ол өте қазақи білім ордасы болды. Біздің кезімізде 400 балаға дейін оқитын. Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Үйде екі ұл, үш қыз өстік. Рәмил деген ағам мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Қарындастарым Динара мен Мадина - екеуі де Өскемен қаласында ұстаздық қызметте. Кенже қарындасым Фариза елордада тұрады. Әкем - Мерғазин Төлен көп жерде қызмет істеген. Милиция болды, совхоз кезінде ауылда "управляющий" болды, кейінгі жылдары Қабырға ауылының әкімі қызметін де атқарды. Шешем Табиғат өмір бақи сатушы болып жұмыс істеді.

Электроэнергетика саласын әдейі таңдадыңыз ба? Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?

Шынымды айтар болсам, бұл саланы мен мүлде таңдаған жоқпын. Негізі, әскери қызметке қызықтым. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, Семей қаласында бір жарым жыл келісімшартпен әскери қызметкер болып жұмыс істедім. Бір жарым жылдан кейін ауылды сағындым, қайтқым келді. Бір жағынан отау құрып, үйлену керек болды. Болашақ қалыңдығым, ата-анам барлығы ауылда болған соң, отбасы жағдайына байланысты кетіп қалдым. Шаруашылықпен айналысып жүргенде Өскеменге "Айтас" компаниясы жұмысқа шақырды. Біраз уақыт көлік жүргізушісі болдым. 2003 жылы "ШҚ АЭК" АҚ-дан ұсыныс түсті. Міне, содан бері он сегіз жыл өтіпті, осы салада қызмет етіп келемін. Жұмыста шебермін, яғни "мастер" лауазымы, қоластымда он екі адам бар. Олжас деген тұңғыш баламды да былтырдан бастап өзімнің жаныма алғанмын. Қай салаға, қандай жұмысқа барсаң да, ең алдымен өзің істейтін істі жақсы көруің керек екен. Осы қызметімде жеткен жетістіктерім соның айғағы. Кәсіп иелері арасында сайыстар өтетін. 2007 жылы сол кәсіби жарысқа Катонқарағай ауданынан бес энергетик қатысып, облыстан бірінші орын алдық. Ары қарай ТМД елдері арасында Белорусияда өткен жарыстан үшінші орынды иеленіп қайттық.

Жиын-тойларды басқаратыныңызды Катонқарағай жұрты жақсы біледі. Асабалық та бір кәсібіңіз бе?

Той-томалақ жүргізу, ән айту, би билеу, арасында айтысып кету де көп қырларымның бірі екені рас. Ол енді құдайдың берген дарын-таланты ғой. Жиын-тойды іздеп бармаймын, жақын жұрағаттардың, ағайын-туыстың тойларын ғана басқарып беремін. Өз басым көңілді жүргенді жақсы көремін. Серілікті ұнатамын.

Бәйгеге ат баптайтын өнеріңіз бар. Жылқыға бала кезден құмарсыз ба?

Бала кезімнен бәйге атқа мініп өстім. Жалпы байқағаным, кішкентайынан бәйгеге шапқан, бәйге атты көріп өскен балалар есейгенде бапкер, атқұмар болып шығып жатыр. Менің әкем ат баптады, әкемнің әкесі, оның әкесі де ат ұстаған болатын. Олардың баптаған жүйріктері атақты бәйге болған екен. Сондықтан бұл атадан балаға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы деп айтсам артық емес. Негізі, ат ұстап баптаймын деген ой әу баста еш болған емес. Қаладан келген жылы бір ақсақал шақырып алып "балам, сен Төленнің ұлы екенсің ғой, неге ат ұстамай жүрсің, неге атбегі болмайсың" деді. "Неге?" деп сұрағанымда "Ат деген босағаға жүреді. Сендердің босағаларыңа ат жүреді. Соны қадірле, бағала" деп жауап берді. Шынымен де, ойлап қарасам ат деген босағаға жүреді екен. Қазір менің ұлым да бапкерлікті қолға алып, атбегілікті менен үйреніп жүр. Жылқы деген - қазақтың киелі малы ғой, жанымдай қатты жақсы көремін.

Спорттың қандай түрлерімен айналыстыңыз, неге біржола спортты қумадыңыз?

Спорттың ішінде негізгі таңдап алғаным күрес болатын. Бала күнімнен аудандық, облыстық жарыстарды күресіп жүрдім. Ешқандай қолдау, демеу болмағаннан кейін Катонқарағайдан ары шыға алмадық. Ауылда волейбол жақсы дамығаннан кейін оған да бет бұрдық. Спорт шеберіне үміткермін. Спорттың қай түрін болса да жақсы көремін. Футболды да, бильярдты да игергенмін. Волейболдың арқасында көп адамдармен таныстым. Шығыс Қазақстанның қай ауданына барсам да, қауқылдап қарсы алатын достарым өте көп. Энергетиктер арасында волейболдан жарыс жиі өтіп тұрады елімізде. 2007 жылы республикалық чемпионатта Катонқарағай ауданының энергетиктері бірінші орын алды. Жас кезімде діңгекке өрмелейтінмін. Біздің жұмыста биік бағананың басында тоққа түскен адамды жерге түсіріп, оны тірілтіп алу деген жарыс өтетін. Сол кезде ең жылдам уақытта өрмелеп-түсіп, үздік нәтиже көрсеткенім бар.

Алтайды білмейтін қазақстандықтар әлі де бар. Аудандық туризмді дамыту үшін не жетіспейді, не керек деп ойлайсыз?

Шетелдік және отандық туристерді тартып, ауданды көркейту үшін әлі өте көп істер атқарылу керек. Біздегі туризмнің дамуына - Катонқарағайдың аудан орталығы мәртебесінен айырылғаны. Бұл ең бірінші кері себеп. Сонымен қатар, келген қонақтарға қызмет көрсету саласы да әлі өте төмен деңгейде. Ал осы Катонқарағай ауданында халықты тұрақтандыру бойынша ешқандай жағдай жасалып жатқан жоқ. Жастар тұрмайды, оқу бітіре салып қалаға көшіп жатыр. Неге? Өйткені олар істейтін жұмыс жоқ мұнда. Мал ұстаймын десе, жер тар. Жер мәселесі де өте өзекті. Бір жағынан, қазіргі жастар жандарын қинап жұмыс істегілері келмейді. Әйтпесе, ниет болса, екі қолға бір күрек қай жерден болса да табылады.

Қотан Қарағайдың халқы шын мәнінде қандай?

Біріншіден, ең қонақжай халық десем асырып артық айтпаспын. Екіншіден, еңбекқор. Катонқарағайда еңбек етпеген кісінің өмір сүруі оңайға соқпайды. Өйткені алты ай қыс қиын болады. Малдарына алты ай қыстың жем-шөбін әзірлеп, отынын дайындап, алты ай қысқа жететін киімің болу керек. Алты ай қысқа шыдайтын көлігіңнің дөңгелегі тағы бар. Сол себепті, Қаратай елінде тек еңбекқор халық тұрады деп айтар едім. Ұйымшылдығы, татулығы да өзгеге үлгі болатындай өңір. Осы жақында ғана ауылымызда өткен іс-шараны көп адам көрді, білді. Ас беріліп, облыстық деңгейде бәйге ұйымдастырылып, Қабырға ауылының басына арка орнатылды. Қырық төрт үй емес, төрт жүз қырық үйдей бірлігі бар ауыл тұрғындары 8 жарым миллион теңге қаражат жинап, бүкіл Катонқарағайға үлгі болатын үш күндік дүрмек өткізді.

Қазақстанның болашағынан, жастардан үміт күтесіз бе?

Болашақ - жастардікі дейді ғой. Бірақ мен олардан еңбекшіл болуды сұраймын. Қазіргі көп жастар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келеді, жеңіл жұмыс іздейді. Бәрі бірден бастық болғысы келеді. Қиындықтан қашпау керек. Аянбай еңбек етпей жақсы нәтижеге жету оңай емес. "Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды" дейді қазақ. Өзін-өзі мақтай бермей, сөзден іске көшетін жастар көп болса екен.

Әңгімеңізге алғысым шексіз! Сізге толағай табыстар тілейміз!
Фото:
Ә. Төленұлының жеке мұрағатынан
Следующая →