Диқандарды дизель бағасы шошытып отыр
Бұл күндері облысымызда астық жинау басталып кеткен. Әзірге астық егілген 583 мың гектардан, 183,6 мың тонна астық жиналып, қамбаға құйылды. Биыл облыс бойынша 800 мыңдай тонна астық жинау көзделіп отыр
Шығыс Қазақстан облысының диқандары да күзгі жиын-терім жұмыстарына сақадай сай. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ернар Рахметуллиннің айтуынша, биылғы астықтың шығымы жаман емес. Орташа есеппен алғанда гектарына 13-14 центнерден айналуы ықтимал.
- Енді жерде өнген дәннің бір түйірін шашау шығармай, жинап-теріп алу басты міндет саналады. Сол үшін де 7 ауданда, яғни, 7,13 гектар жерде зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 125 мың гектардан егін жиналды. Жалпы, биыл 772 мың тонна астық алуға ниеттіміз, - дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ернар Рахметуллин.
Ал отын жөнелту ақы төленуіне байланысты тұрақты түрде жүзеге асырылады. Елімізде бидайды жинау науқаны басталған кезде, яғни, тамыздың басында дизель отыны күрт қымбаттап шыға келді. Қазіргі уақытта жанармай құю стансаларында бір литр дизель отынының құны көктемге қарағанда 15-20 теңгеге өсіп, 189 теңгеден саудалануда. Ал көктем уақытында 159 теңгеге сатылған.
- Павлодар МХЗ-дан шілде айында литрі 180 теңгеден 7 мың тонна және тамыз айында Шымкент МХЗ-дан 181 теңгеден 3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Олардың ақысы толықтай төленіп жөнелтілді. Аудан әкімдіктері ауыл шаруашылығы құрылымдарына жеткізуші операторларды анықтады. Биыл ШҚО-ға Энергетика министрлігі 25 мың тонна дизель отынын бөлді, - дейді Ернар Рахметуллин.
Бұл астық оруға толық жетеді. Алайда дизельдің бағасы шаруаларды күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айыруда. Себебі жанармай бағасы жыл басындағыдан әлдеқайда қымбаттаған. Соның кесірінен гектарлаған егістік алқаптары орылмай қалуы мүмкін. Бұл дегеніміз - дүкендерге ұн мен нан, макарон, тағы басқа астық өнімдері жетпей қалу ықтималдығы бар.
- Мұнайға бай Қазақстан әлі күнге дейін өзін жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ете алмай келеді. Әсіресе, егін жияр маусымда жанармайдың қымбаттауы әдетке айналған. Жыл сайын жауапты тұлғалар "биыл жанармай тапшылығы болмайды" деп уәде еткенімен, жаз өте шаруалар бензиннің қымбаттап, қолжетімсіз болғанын айтып шулайды, - дейді биыл Көкпекті жерінде астығын салған Алмас есімді шаруа.
Осылайша, жанармай бағасының шарықтап шыға келуі Алмастан басқа шаруалардың да жүйкесін жұқартқан. Бүкіл техникасын сайлап, күзгі жиын-терімге дайындалып отырған шаруа қожалықтары осы күні дизельдік отынды қайдан табарын білмей дағдарып отыр. Өйткені қазіргі бағаны қалта көтермейді. Шаруалар іс бұлай жалғаса берер болса, "Елбасына хат жазуға мәжбүрміз" деп отыр. Себебі Елбасы ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнімділікті арттыру туралы шаруаларға нақты міндет жүктеген. Ал дизель отыны құнының бұлайша шарықтауы аграршылардың жұмысына кедергі болуда.
Қазақстан фермерлер одағының мәліметінше, шаруалар арзандатылған бағамен 1 литрін 161 теңгеден алса, нарықтағы құны 188-190 теңгеге жетіп қалды. Жазғы дизельдің құны АИ-92 маркалы бензиннен де қымбат болып тұр. Былтыр шаруалар үшін арзандатылған дизель отынының құны 127 теңге болып белгіленген еді. Биыл 161 теңгеге көтеріліп, бір маусымның ішінде 3 рет қымбаттаған.
Ал жанармайдың бағасын ұстап тұруға министрліктегілердің мүмкіндігі жетпей отыр. Себебі 2016 жылдан бастап елімізде дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеу алып тасталған. Содан бері жауапты шенеуніктер бағаның шарықтауын нарыққа сілтеп қана отыр. Ал дизель өндіру технологиясы бензинге қарағанда жеңілдеу болғандықтан, оның өзіндік құны да сәйкесінше, төменірек болуы тиіс еді.
- Бағаны нарық қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін дизель отыны құнын субсидиялау қарастырылмаған. Сондықтан баға тек нарықтың жағдайына байланысты түзіледі, - деген болатын Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында.
Сұраныстың көбеюі, ауылшаруашылық өнімін өндірушілер үшін арзандатылған отын көлемінің артуы, дизель отынын өндіру құнының қымбаттауы - барлығы жинақтала келе, дизель бағасының маусымдық қымбаттауына әкелді. Оның үстіне, Ресейде солярка құны өскен.
- Менің 1000 гектар жерім бар. Оның өнімін жинау үшін 70 мың тоннадай дизель отыны қажет. Жартысын сатып алғанмын, алатын жартысы әлі бар. Дизель бағасы қымбаттаған соң соған сәйкес, малдың жем-шөбі, күнбағыс майы мен ұн өнімдері қымбаттайтыны сөзсіз, - дейді Күршім ауданындағы "Серік" шаруа қожалығының иесі Бақытбек Жылысов.
Сонымен қатар, облыс әкімі жыл басында дала жұмыстары кезінде астық, жанар-жағармай ұрлығына жол бермеуді қатаң тапсырған. Себебі мұндай олқылықтар бұдан бұрынғы егіс уақытында тіркелген болатын. Бірақ астық ұрлағандардың көбі жазасыз қалып келген. Енді бұған аудан басшылары мен құқық қорғау органдарының жетекшілері тікелей жауапты болмақ. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары ұрлық фактілері тіркелген жоқ деп сендіреді.
Қалай десек те, биылғы баға шаруалардың арқасына аяздай батып отыр. Жанармай құны қымбаттаса, еңсесін енді көтеріп келе жатқан отандық өндірушілерге де өз ықпалын тигізеді. Күнделікті тұтынатын наннан бастап, ет, сүт өнімдерінің құны да өзгереді. Ал бұл өз кезегінде қарапайым халықты тығырыққа тірейтіні айтпаса да белгілі.