Өскемен
пасмурно
+14°
  • Өскемен
    +14°
  • Алматы
    +17°
  • Астана
    +10°
  • Ақтөбе
    +11°
  • Актау
    +12°
  • Орал
    +12°
  • Қарағанды
    +9°
  • Көкшетау
    +8°
  • Қостанай
    +8°
  • Қызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +12°
  • Петропавловск
    +5°
  • Тараз
    +16°
  • Туркестан
    +12°
  • Шымкент
    +17°
$
445.95
-0.83
482.96
-1.04
¥
61.66
-0.11
4.82
-0.02
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Құрбан шалушылар саны артқан

Биыл тамыз айына дөп келген Құрбан айттың ерекшелігі қандай? Имамдар нендей үндеу тастады? Құрбандық малы қалай саудаланды? Ел-жұрт ұлық мейрамды қалай қарсы алды?

Құрбандық шалынатын орын белгіленді


Құрбан айтқа төрт күн қалған кезде қала билігі құрбандық шалынатын алаңды нақты мәлімдеп, баспасөз мәслихатын өткізді. Бұған облыстық Халифа Алтай мешітінің наиб-имамы мен қалалық ветеринария бөлімінің мамандары қатысты. Мешіт имамы мереке күні өтетін шараларға тоқталып, жамағатты таза жерде мал союға, құрбандық малын саудаласып алуға үндеді.

- Биыл "Шығыс" ауылының етегінде құрбандық шалуға рұқсат беріліп отыр. Шынайы Алланың ризашылығы үшін құрбандық шалғысы келген азамат осы орынға келіп мал соя алады. Ал мал сатушы жандарға бағаны тым көтеріп жібермей, халықтың жағдайын ескергені абзал дегіміз келеді, - деген еді наиб-имам Дәулет Қабидолдин.

Ал ветеринар мамандар болса, құрбандық шалынатын алаңды бақылауға алып, сатуға әкелген малдардың тексерілетіндігін ескертті.

- Алаңға лабораториясы бар көлік қойылып, малдың ауру не сау екендігін анықтау үшін ветеринарлық анықтамалары тексеріледі. Ал сатылатын малдың ветеринарлық құжаттары болуы міндетті, - дейді Өскемен қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің маманы Гауһар Темекова.


Айт намазына әкім келді


Қала жұрты сейсенбі күні таңғы сағат 7.00-де жамағатпен бірге айт намазын оқыды. Жамағаттың қатарында облыс әкімі Даниал Ахметов те болды әрі барша мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

- Бұл күні жүрегіне иман ұялаған адам жақсы іс жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қуаныш сыйлауға тырысуы қажет. Осынау қасиетті мерекеде баршаңызға молшылық, Отанымызға - тыныштық, туған жерімізге - амандық тілеймін! - деді аймақ басшысы.

Айт намазынан кейін Халифа Алтай мешітінің алдында үш киіз үй тігіліп, тегін бауырсақ таратылып, шай берілді. Арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен жарыс өтті. Мешіт жанына сахна құрылып, қаланың шығармашылық ұжымдары мен этномәдени бірлестік өкілдері өнер көрсетті.

- Құрбан айт түрлі этнос пен дін өкілдерін бейбітшілікке шақырар, бірлік пен достықтың, сыйластықтың өшпес үлгісіне айналған. Сондықтан мұсылман бауырларды осынау қасиетті мерекемен құттықтап келіп отырмыз. Қазақша, орысша, украинша әндер орындаймыз, - дейді "Ладушки" орыс халық әндері ансамблінің әншісі Оксана Новикова.

Құрбандық шалғысы келгендер көбейген


Айт намазынан кейін жұрт "Шығыс" ауылы маңындағы құрбандық шалу алаңына қарай ағылды. Айттың алғашқы күні құрбандық шалушылар көп болатын көрінеді, екі шақырымға созылып жатқан алаң адамға лық толып кетті. Мұны жылда мал саудасымен айналысып жүрген саудагерлер мен шопан шаруалар да растап отыр.

- Құдайға шүкір, Өскеменде соңғы жылдары Құрбан айт мерекесі жандана түсті. Құрбан шалғысы келетіндер де жылдан-жылға көбейіп келеді. Халықтың діни сауаты артқан. Былтыр әкелген екі жүзден аса қойдың бәрі сатылып кетті. Биыл Күршім, Жармадан мал жинап, көбірек әкеліп отырмын. Түске дейін малдың жартысы сатылып кетті, - дейді кәсіпкер Дүйсебек Боқалай.

Тағы бір шопанның айтуынша, Өскемен жұртының Құрбан айтқа деген ықыласы енді ғана артқан. Сондықтан сиырға қарағанда, қойдың өтімі жақсы.

- Сиырды ешкім ала қоймайды, бірен-сараң адам болмаса. Егер Алматы не Астана қаласына апарсаңыз, сиырды талап алады. Бізде құрбандық шалу дәстүрі енді-енді дамып келеді. Сондықтан тек қой малы ғана өтімді, - дейді тарбағатайлық малшы Нұрлан Қасенов.


Қой қымбаттаған


Құрбандық шалу алаңына жиналған шаруалар құрбандық малының құны қымбаттағанын бір ауыздан мақұлдап отыр. Мәселен, тоқтылардың өзі былтыр 15-18 мың теңгенің аралығында саудаланса, биыл 20-25 мың теңгеге сатылып жатыр. Арасында ақсақ тоқтының өзін 18 мыңға бағалағандар бар. Ал саулық қойлар былтыр 25 мың теңге болса, 30-35 мың теңгеге саудалануда. Ірі қошқарлар 50-60 мың теңгенің айналасында болса, екі жасар тайынша 200 мың теңгеге бағаланған. Бұл айттың бірінші күні қойылған бағалар. Екінші және үшінші күндері баға түсетін көрінеді.

Мал бағасының бұлай қымбаттауына, біріншіден, құрбандық шалушы жамағаттың көптігі себеп болса, екіншіден, малдың аздығы себеп болған.

- Биыл 230 бас қой әкеп отырмын. Оның жүз басын саудагерлер-ақ алып кетті. Қалғанын өзім саудалап жатырмын. Алланың айты болған соң, барынша арзан беруге тырысамыз. Алайда биыл сатып алушылар көп те, сатылатын мал аз болып отыр. Өйткені малдың көбі қазір жайлауда, таудың етегіне әлі түсе қойған жоқ. Шопандар қойларын әлі сатпай отыр, күзде бастайды, - дейді шопан Ерлан Сандыбай.

Ал тағы бір саудагердің айтуынша, қазақта қой азайып барады. Бұл да мал саудасына тұсау болып отыр.

- Бұрын малдың барлығын бір ауылдан не ауданнан жинап алуға болатын еді. Қазір аудандарды аралап жүріп, мал жинаймыз. Қой өсірушілер елде азайып барады. Былтыр қой сатушылар үш қатарға дейін толып, ине шаншыр орын қалмай қалатын еді. Биыл қос қатарды әрең толтырып тұрмыз, - дейді шаруа Меделбек Мұхамедкәрімұлы.


Қасапшылар көп


Құрбандық шалынатын орында қасапшылармен бірге ішек-қарын аршып, бас үйтіп нәпақа тауып жүргендер де табылды. Қасапшылар бір қойды 2-3 мың теңгеден сойса, ішек-қарын тазалап, мал басын үйтетіндер 500 теңгеге алады.

Ал қасапшылардың айтуынша, биыл мал соятындар көбейген.

- Таңертең құрбандық шалғысы келгендер көп болды да, қасапшылар қол қусырып қалмады. Ал түске таман тапсырыс саябырси бастады. Жылдағыдай емес, биыл қасапшылар көп. Оның үстіне, мешіттің дайындаған қасапшылары да бар, - дейді қасапшы Қанағат Еркінұлы.


Мешітке ет беруге болады


Құрбандық шалу алаңында Халифа Алтай мешіті мен қалалық мешіттер де өз орындарын ашып, қайырымдылық жасағысы келген жандардың садақасын қабылдап жатты. Облыстық Халифа Алтай мешіті жыл сайын айттың үшінші күні жиналған еттің барлығын теңдей бөліп, 300 отбасына таратады.

- Халыққа құрбан малдың етін үшке бөліп, оның бір бөлігін мұқтаж жандарға садақаға беруге болатынын түсіндіріп жатырмыз. Ықылас танытқан жандар малдың етін бөліп, бізге әкеп жатыр. Былтыр әр отбасына 5 келіден ет таратқан болатынбыз, - дейді ұйымдастырушылар.


Құжаты жоқтар қайтарылды


Ветеринар мамандар да кезекшілік қойып, мал сатуға келгендерді бір-бірден тексеріп шықты. Арасында құжатсыз келгендер де болған екен.

- Ауру ошағы тараған, карантин жарияланған ауылдың малдарын сатуға болмайды. Кейбір сатушылар құрбандық малының ветеринариялық құжаты болу керектігін біле тұра, құжатсыз келгендері бар. Олар құжаттарын әкелмейінше, малдарын сата алмайды, - дейді Өскемен қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің маманы Алтай Асқаров.


Следующая →