Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Назерке Қайролданова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Қазақтың тойына қанша ақша керек?

Той дегенде қу басы домалайтын қазақ халқы барын киіп, тойханаларды шарлауды әлдеқашан бастап кеткен. Қазақтың басқа ұлттардан ерекшелігі де - осы тойшылдық, думаншылдық. Ертеректе той халықтың ұғымында отбасының жылдар бойы жинаған рухани байлығының көрінісімен астарланатын. Алайда бүгінгінің той-томалақтары рухани байлықты насихаттай ма, әлде бөспешілдікті ме?

Бай барын шашады, кедей "қатарымнан қалмайын" деп банктерден несие алып, шаш етектен қарызға кіреді. Бүгінде өзінің ет жақын туыстарының басын қосып, қуанышын бөлісу үшін емес, барын көрсетіп мақтану, шені үлкен, шекпені қымбат қонақтарға құрмет көрсету үшін той жасайтындар көбейіп барады.

Салт-жоралғы ма, әлде жат-жоралғы ма екен, әйтеуір, орынды-орынсыз шығыны бар той жасау қазақтың қалтасы үшін аз салмақ болмай тұр. Жалпы, ата салты мен дәстүрге сай үйлену, тойдағы киіт кигізуден бастап, қалың малының құны үшін бір отбасының қанша қаражаты кетеді?


Тойға дайындық танысудан басталады

Қазіргі күні ата-анамен танысу салты пайда болған. Екі жастың туыстары өзара танысу үшін қаладағы мейрамханада немесе қонақ етіп жігіттің үйінде ас ішеді. Бұл шығын болашақ күйеу жігіттің мойнында. Дастархан басына екі жақтан 7-8 адам келді деп есептер болсаңыз, танысу шәйінің құны мәзіріне қарай 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін жетеді.


"Сырға салу" немесе "құдалық"

Бұл ретте негізгі салмақ қалыңдық жаққа түседі. Орта есеппен алғанда отбасылық шығын - 100 мың теңгенің ар жақ-бер жағы. Күйеу жігіт жақ болашақ келінге арнап алтын сырға салады және ата-анасымен аға-жеңгелеріне "киіт" кигізеді. Ол күйеу жігіттің материалдық жағдайына байланысты. Шығынның көлемі 500 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл қаражатқа ішік, алтын сырға, білезік, жүзік сынды бағалы заттар сатып алынады.

Сонымен қатар, жігіт "қалың мал" үшін болашақ жарына тағы шығындалмақ. Ол күйеу баланың жағдайына қарай беріледі. Шығын 200-500 мың теңгенің арасында. Шығыста "той мал" үшін міндетті түрде шығындалатыны тағы бар. Ол 100 мыңнан 200 мыңның арасында. Жалпы алғанда "Сырға салу" мерекесінің құны екі отбасыған 1 миллион теңгеге түспек.

- Қалыңдығымды Семейден құда түсіп алдым. Күршімнен оншақты адам бардық. Жол шығыны, барғандағы киіті, қалыңдықтың анасына беретін қалың малы - барлығына 300 мыңдай кетті. Ол жақта мейрамханада қыз ұзату тойы өтті, оның қаншаға шыққанын білмеймін, - дейді жақында шаңырақ көтерген Ақжігіт есімді қала тұрғыны.

Жас отау иесі той жасау үшін мініп жүрген жеңіл көлігін сатуға мәжбүр болған.


Қыз ұзату - ата салтымыз

Өткен ғасырларда бойжеткен қыз қара шаңырағынан ұзатылса, қазір мейрамханадан шығарып салу сәнге айналған. Келетін қонақтың саны орташа есеппен 150-200 адам. Егер Өскемендегі мейрамханаларда бір адамның орны үшін төленетін орташа баға 4000 теңге деп есептер болсақ, тек 800 мың теңге той ақысына кетеді. Сонымен қатар, ет пен тәтті тағамдарды сатып алуға бөлек қаржы жұмсалады. Ал тойды видеоға түсіру, тамада, музыкалық аспаптарды жалдау құны 200 мың теңгенің айналасында. Осылайша қыз ұзатудың ғана құны 1,5 миллон теңгеге жетеді.

Артынша жігіт жақ "құда шақыру" ырымын жасайды. Бұл мерекеге қыздың туыстары қыздың жасауын әкеледі. Аталған шараға қыздың әке-шешесінің қалтасынан 500 мың теңгеден жоғары қаржы кетеді.


Мейрамхана - мейманхана

Бүгінде мейрамханалардағы бір орынның бағасы 4000 теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін жетеді. Қалтаңыз көтерсе, одан да қымбатын табуыңызға әбден болады.

- Тойымызға ағайын-туыс, жора-жолдас бар дегендей 200-дей адам шақырып отырмыз. Шамамен, дастарханның өзіне 800 мың теңгеге жуық қаражат кеткелі отыр. Өзіміз оқуды жаңа бітіріп отау көтергендіктен, шыны керек, бүкіл қаржыны ата-анамыз көтеріп отыр, - дейді жақында тойы болатын Ақжігіт Қалибеков.

Мейрамханада бір емес, 2-3 ыстық тағам ұсынып, қонақтың алдына салаттың 3-4 түрін, тіскебасардың 2-3 түрін, тәттінің таңдаулысын, арақ-шараптың қымбатын қояды. 


Қалыңдық көйлегі қандай?

Бiр-ақ рет болатын айтулы күнде әрбiр қыздың әдемi көрiнгiсi келеді-ақ. Ал той көйлегін жалға алу құны 50-200 мың теңгенiң айналасында. Сатып алса, одан да қымбатқа шығады.

- Ұзатылып жатқан қыз көйлектің бағасын көбінесе ойламайды. Себебі көйлекті күйеу бала алады. Қалыңдық көйлегіне 500 мың теңгеге дейін жұмсайтындар бар, - дейді былтыр келін атанған Айнұр Ахметова.

Иә, бiр ғана кештiң көйлегi үшiн мұнша қаражат шығындауды ата-ана құптамаса да, жаңа түскен келіннің көңiлi түспесін деп қалағанын алып береді. Оған күйеу жігіттің костюм-шалбарын, аяқ киімін, гүл, лента секілді ұсақ-түйекке кететін қаражатты қоса беріңіз.

Одан бөлек, қалыңдықтың макияжы, шаш үлгiсi бар. Ең қарапайым макияж 5 мың теңгеден басталып, орындалу техникасы, қолданылатын бояу түрлерінің сапасына қарай 25 мың теңгеге дейін барады. Ал әдемі шаш үлгісін жасату құны 7-10 мың теңге аралығында.


Той серуені тағы бар

Бұл серуенді тойға бет алған жастар асыға күтеді. Қаланың көрікті жерлері мен саябақтарын аралап, естелікке суретке түседі.

- Лимузин, артынан ілескен он шақты қымбат көлігі бар той керуенін бес-алты сағатқа жалдау құны 100 мың теңгеден басталып 200 мың теңгеге дейін жетеді, - дейді қалада "серуен көлігін" жалға беретін Қанат есімді азамат.

Оған қоса, естелікке фото-видео түсіретін операторлардың жұмысы тағы бар. Ертеден қара кешке дейін жас жұбайлардың соңынан жүгіріп қызмет ететін мамандардың ақысы қанша? Фотографтар, орта есеппен алғанда, 30 мың теңгеге қызмет көрсетсе, ал операторлардың қызметі 15-30 мың теңге аралығында.


Безендіру жұмыстары да ақылы

Бүгінде тойхананы белгілі бір түспен безендіру сәнге айналған. Шарлар мен гүлдерді, қонақтар естелікке суретке түсуі үшін баннерді қою да осы күні орындалатын жұмыстың бірі болып кетті. Қос ғашықтың аттары жазылып, енді біріне суреттері бейнеленетін түсқағаздың бағасы 15 мың теңгеден басталады.

Ал енді әрі қарай шаруа асабаның қолында. Тойдың мәнін кіргізетін де сол адам. Облыста той жүргізетін асабалардың қызмет ақысы 40 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады. Асабаның атағы мен даңқы артқан сайын қызмет ақысы да өсе беретінін біле тұра тойшыл қауым шамасы келсін-келмесін, тойына танымал асаба, әншілерді, өнер иелерін шақыртуға құмар.

- Қазақстандықтар тойды "қонақтардан ұят болмасын" деген негізбен жасайды. Кейбірі көрпелеріне қарай көсілсе, енді бірісі несиеге болсын той жасап, шашылады, - дейді асаба Ернар Аханов.


Тойбастарсыз той басталмайды

Қазақта тойбастар таратылмай, той басталмайды. Он адамның ортасына бір тойбастар қойылатынын ескерсек, 200 адам шақырылған тойға 20 тойбастар дайындалады.

Көктемде тұңғышын үйлендіріп, 150 адамға той жасаған Айсұлу Жұманованың айтуынша, үнемдегеннің өзінде тойбастарға 80 мың теңге қаржы жұмсаған. Сондай-ақ, оны сонау Алматы шаһарынан алдыртқан. Әйтпесе, Шығыста бұған 2 есеге шығынданасыз. Десе де, ол заттар пайдаға ассын-аспасын тойбастар таратылуы шарт.


P.S Осылайша, той жасауды бекер мал шашпаққа айналдырып алғанымызды кейін барып сеземіз. Алайда ысырапшылдықты біле тұра, қазаққа "көштен қалуға болмайды". Әйтпесе "ұят болады".

Шетелдік банк зерттеушілердің мәліметі бойынша, қазақстандықтар үйлену тойына орта есеппен 2 миллион теңге жұмсайды екен. Басты мәселе - қаражат көбінесе несиеге алынады.

Керемет мейрамхана, қымбат көйлек, серуен картежі, аста-төк дастархан - құрылған жас шаңырақтың бақытына кепіл бола ала ма екен? Той үшін алынған миллиондаған несиелер қанша отбасының шаңырағын шайқалтқанын жас жұбайлар да, ата-аналар да ескере бермейтіні өкінішті.

Қазақтың тойы бітпесін, әрине. Әр шаңырақта той болсын. Дегенмен, "көштен қалмаймын" деп жүріп, ертеңгі күні қиналып, сан соғып қалмауды да ойлаған жөн.

Следующая →