Өскемен
ясно
+16°
  • Өскемен
    +16°
  • Алматы
    +22°
  • Астана
    +20°
  • Ақтөбе
    +19°
  • Актау
    +18°
  • Орал
    +17°
  • Қарағанды
    +18°
  • Көкшетау
    +18°
  • Қостанай
    +19°
  • Қызылорда
    +28°
  • Павлодар
    +16°
  • Петропавловск
    +18°
  • Тараз
    +23°
  • Туркестан
    +9°
  • Шымкент
    +28°
$
439.43
473.31
¥
60.98
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Кен байыту фабрикасы ашылып, кенші атанды

Жарма ауданы, Әуезов кенті орта мектебінде өлкетану және тарих орталығы ашылып, білім ордасын бітірген төрт түлек "Бақыршық тау-кен кәсіпорны" ЖШС ұсынған тегін білім беру грантына ие болды

Жақында ғана алтын байыту фабрикасын ашқан, биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған "Полиметалл" компаниясының кәсіпорны өзінің кәсіби мерекесін - Металлургтер күнін атап өтті. Бақыршық кәсіпорны биыл бесінші рет кәсіби мерекесін тойлап отыр.


Өлкетану орталығы ашылды

"Бақыршық тау-кен кәсіпорны" ЖШС-ның әлеуметтік салаға мән беретіндігі белгілі. Өздерінің кәсіби мерекесі аясында "Бақыршық" орта мектебіне сый жасап, бұрынғы мектеп мұражайын жабдықтап, өлкетану және тарих орталығын ашуға қолғабыс етті. Мектеп оқушылары облыстық "Дарын" орталығының өлкетану бойынша ғылыми жобалар жарысына қатысып, үздік нәтиже көрсеткендіктен, мұнда ғылыми орталық құру туралы жоспар ойға келген. Бастаманы кәсіпорын да қолдаған. Ал орталықтың ашылуына кәсіпорын басшылары мен ардагер кеншілер кеп қатысты.

- Өлкетану орталығына оқушыларымыздың Бақыршық кен орны, Әуезов елді мекені жайлы ғылыми еңбектерден тапқан, тұрғындар арасында жүріп терген тарихи деректері жинақталуда. Мәселен, тарихи деректерді ақтара отырып, қазіргі Әуезов кенті маңында ежелгі ата-бабаларымыздың сақ тайпасының алтын қазып, одан түрлі әшекейлер жасағаны анықталды. Алаайғыр, Дымовка елді мекендерінде көне алтын кен орындары болғаны, Бақыршық кен орнын тапқан алғашқы кенші-геологтар туралы мағлұматтар белгілі болып отыр, - деп таныс-тырды орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Алия Шаймұратқызы.

Өлкетану орталығына пайдалы ақпараттардан өзге алтын араласқан кен тастары да қойылған. Ал ең құнды экспозиция - Бақыршық тау-кен кәсіпорнының алтын байыту фабрикасының ашылу салтанатына арнайы дайындалған алтын құйма.


Ардагер кеншілерге құрмет көрсетілді

Металлургтер күніне орай, "Полиметалл" кәсіпорны ардагер кеншілерге құрмет көрсету үшін үлкен дастархан жайып, жүзден астам зейнеткер металлургтерді қонақ етті. 

- Бақыршық кен орнының игерілуі оңай болған жоқ. Инвесторлар бірінен кейін бірі келіп, тау қыртысын игере алмай, үнжырғасы түсті. Ал ресейлік "Полиметалл" компаниясының кен игеруге қауқары жетеді дегенге басында ешкім сене қоймады. Бірақ білікті басшылардың арқасында кәсіби шешім қабылданып, кен орны қайта жанданды. Алтын байыту фабрикасын салу да оңай болған жоқ. Маңдай термен келген еңбек, - дейді кеншілерді қырық жылдан астам ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз еткен ардагер шаруа Қайса Нұртазов.


Балаларға бөлек бағдарлама

Жұмысшы жастар мен жас жанұялар көп Әуезов кентінде шұбырған бала да көп. Металлургтер күні бүлдіршіндер де назардан тыс қалмай, оларға бөлек алаң құрылып, ойын бағдарламасы жасалды. Аниматор әртістер ойын ойнатып, бала көңілін аулады.

Шағын хауыз бен батут, әткеншектер құрылып, аквагримм жасайтын, 3D-фильм көретін алаңдар ұйымдастырылды. Ең бастысы - барлығы тегін болғандығы. Ал ата-аналар, ата-әжелер немерелерін әкеліп, бірге қыдырып, бірге ойын көрді.

- Бес бірдей баламмен келіп отырмын. Жұбайым Бақыршық кен орнында кенші болып жұмыс жасайды. "Полиметалл" компаниясы мереке сайын бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлуге тырысады. Балалар күнінде де үлкен мерекелік шара өткен болатын. Мұндай мерекелер көбейе берсін, - дейді көпбалалы ана Динара Мұсылманова.

Ал ауыл балалары болса, кен компаниясын мақтаныш тұтып, болашақта кенші болуды армандайды екен.

- Мен ауылымда "Полиметалдай" ірі кәсіпорынның бар екенін мақтан етемін. Балаларға арнап саябақ пен футбол алаңын салып берді. Сол жерде күнде футбол ойнаймыз, - дейді оқушы Нұртай Әмірғазы.


Бауырсақ жеп жарысты

Биылғы кәсіби мерекені ерекше атап өтпек болған Бақыршық кен орны ел-жұртты мәз-мейрам етпек оймен, қазақтың ұлттық тағамы бауырсақты пісіру мен оны жеуден қос бірдей жарыс өткізді. "Мистер Бауырсақ" деп аталатын шоу-жарысқа Әуезов кентінің келіншек-жеңгелері, апа-әжелері қатысып, ең үлкен әрі ең дәмді бауырсақ дайындауға бар күшін салды.

Алғаш ұйымдастырылып отырған бұл жарыстан тостағандай ірі бауырсақ пісіріп, қазылар алқасынан "нағыз бауырсақ" деген оңды баға алған Күләш Тоқтарқызы жеңімпаз атанып, қысқа толқынды пеш ұтып алды.

- Бауырсақ - қазақтың мейрам кезінде пісіретін аталы тағамы. Оны әрбір қазақ дайындай алуы тиіс. Жарысқа қатысуға бел буып, таңертең бауырсақ пісірдім, - дейді Күләш апа.

Ал Күләш апаның дәмді бауырсағын жеп жарысқан жігіттердің өзі шарадай бір бауырсақты алты жарым минутта әрең жеп тауысты.


Ән кешіне жалғасты

Бақыршық тау-кен кәсіпорны биылғы мерекені өткізу үшін арнайы жерге тас төсеуіш төсеп, арнайы орын дайындаған екен. Бір жағына сахна тігіліп, жан-жағына киіз үйлер мен халықтың көңіл көтеруіне арналған тиын соғу, күш өлшеуіш, технофан сынды орындар жасалған кең алаңға кешке таман адам сыймай кетті. Өйткені кеш түсе бұл маңда концерт басталған болатын.

- "Полиметалл" компаниясы кәсіби мерекесін кен орнын ашқан жердің, елді мекеннің тұрғындарымен бірге тойлайды. Қазір Армения мен Ресейдегі, Қостанай қаласындағы кен орындары да металлургтер күнін елмен бірге атап өтуде, - дейді "Полиметалл" компаниясының бас директоры Виталий Несис.

Салтанатты шара барысында кәсіпорынның он үздік кеншісі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің "Кенші даңқы" медалімен марапатталды.

- Биылғы жылдың басты жетістігі - кен байыту фабрикасының ашылуы. Бұған дейін біз өзімізді металлург деп сырттай ғана атайтын едік. Енді фабрика ашылды, кен орны қазылды. Демек, кәсіби мерекемізді атап өтуге толық құқығымыз бар, - дейді "Бақыршық тау-кен кәсіпорны" ЖШС бас директоры Юрий Овчинников.

Жарма ауданының әкімшілігі ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, Жарма өлкесінің дамуына үлес қосқаны үшін Юрий Овчинниковке естелік медаль табыстады.

Бұдан кейін жұртқа қуаныш сыйлаған, игілігі мол тағы бір марапаттау болып, Бақыршық орта мектебін бітірген төрт түлекке Қазақстанның кез келген оқу орнында тегін білім алуға арналған оқу гранттары берілді.

- "Маркшейдер ісі" мамандығын алғым келеді. Оқу бітірген соң, құрдастарым сынды қай жұмысқа барып орналасамын деп уайымдамаймын. Өзімнің туған өлкеме қайтып оралып, Бақыршық кен орнында жұмыс жасаймын, - дейді грант иегерлерінің бірі Алия Мұстафина.

Салтанатты шараның соңы концертке жалғасып, қазақстандық, ресейлік әртістер сахна төріне шығып, ән шырқады. Бұл жолы Жарма ауданының халқын мерекемен құттықтауға Әли Оқапов келді.

Следующая →