Тәртіп сақшылары баланы аман алып қалды
Өскемен қаласында бес жастағы бала үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кете жаздады. Өтіп бара жатқан қала тұрғындары мен полиция қызметкерлері шұғыл қимылдап, оқыс оқиғаның алдын алды
Оқиға кеше кешкі уақытта Тәуелсіздік даңғылы бойында орын алған.
Патрульдік полиция адам қарасы көп шоғарланған орынды байқап, мән-жайды анықтауға келген. Ал тұрғындардың дүрлігуіне үшінші қабаттағы ашы терезе жақтауында тұрған бес жастағы бала себеп болған.
- Полиция қызметкерлері дереу әрекет етіп, бейқамдық танытпаған азаматтармен бірге оқыс оқиғаның алдын алды, - деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметі.
Пәтер есігі сырттан жабық болған. Осылайша полиция қызметкерлерінің бірі Бауыржан Ризабеков пен тұрғындардың бірі көрші пәтердің терезесі арқылы өтіп, баланы ажал аузынан арашалап алды. Артынша анықталғандай, бала небары бес жаста екен.
Өскемен қалалық ТЖБ жасөспірімдер ісі бойынша инспекторлар ұқыпсыз ата-анамен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Енді бұл отбасы ювеналды полицияның жіті қадағалауында болады.