Өскемен
ясно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -4°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -5°
  • Көкшетау
    -8°
  • Қостанай
    -8°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Құрақ көрпе - ананың қызға деген сыйы мен сүйіншісі

Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың көне замандардан қол үзбей келе жатқан дәстүрі мен ұлттық қолөнері бар

Қазақтың қолөнерін оның ою-өрнегі мен әшекейінен айырасың. Қошқармүйіз бен қосмүйізді, арқармүйізді айыра алмайтын қазақ жоқ шығар. Киім-кешек пен әшекей-бұйымға, сырмақ, көрпе, алаша, кілем, жастық сынды тұрмыстық заттардың барлығына ою таңбаланып, өрнек бастырылады. Ал қазақтың әрбір қыз-келіншегі жастайынан үлкендердің киіз басып, сырмақ жасап, көрпе тіккенін көріп, көңілге тоқиды.

Ал бүгінгі кейіпкеріміз Айгерім Касенова қыз жасауын тігіп, құрақ көрпе кестелеумен айналысады. Айтуынша, бұл өнер әжесінен дарыған.


Әжесінен үйренген

Айгерім Ақтайлаққызы - Катонқарағай ауданы, Қызыл жұлдыз ауылының тумасы. Құрақ көрпе тігудің әдісін әжесінен көріп, жастайынан ұлттық өнердің қыр-сырын түсініп өскен. Ұлағатты әже қыздары мен немерелерін, ауылдастарын жинап, сырмақ пен алаша тоқытып, киіз бастырып үйретіп, балаларды балғын шағынан бастап берекелі өнерге баулыса керек.

- Апам "Батыр Ана" атағын алған он баланың анасы. Көтерген құрсақтарының көбі қыз балалар болғандықтан, олардың жасауының барлығын бір өзі тіккен. Бала күнімізде әжем кыздарын жинап, жүн түткізіп, қазық қақтырып, жіппен жүгіртетін. Ою ойдырып, тігілген сырмақ пен алашаны боятатын. Әжемнің қалай киіз басып, алаша тоқығанын көзбен көргендіктен, маған да құрақ көрпе тігу аса қиын болмады. Үлкен анамыз бұл өнердің әдіс-амалын айтып үйретпесе де, көзбен көргенді көңілге түйіп, түйсініп өстік, - дейді Айгерім Касенова.

Тігін тігу - хобби

Тігіншілік өнерге келгеніне бір жарым жылдан енді ғана асқан жас шебер құрақ көрпе жасауды хоббиі ретінде көреді. Әлі бұл нарыққа толықтай бой үйретіп, табан қыздыра қойған жоқ. Алайда кейіпкеріміздің айтуынша, Өскемен қаласында мұндай қолөнер түрі кенжелеп қалған. Сондықтан атакәсіпті дамыту, жандандыру үшін біртіндеп іске көшкен.

- Соңғы уақыттары "Инстаграм" әлеуметтік желісі көп қыз-келіншектердің өз кәсібін бастап, ісін өркендетуге мол септігін тигізуде. Көбі сән мен сұлулық саласын таңдап, бет әрлеуші, киім тігуші атана бастады. Мен де қатардан қалмай, бос уақытымды пайдалы іске жұмсағым келді. Қолымнан не келетіндігін ойлай бастадым. Тігіншілікті бастау туралы ойдың қайдан оралғанын білмеймін, әйтеуір, бала күнімде әжемнен көргендерім есіме түсіп, қыз жасауын тігуге бел будым. Оның үстіне, көптің бірі болмай, өзгеден ерекше көрінетін істі қолға алу керек болды. Ал Өскеменде қыз жасауын тігудің әлі сәнге айнала қоймағаны белгілі, - дейді ісмер.

Тігіншінің негізгі мамандығы - металлург. Үлбі металлургиялық зауытында жұмыс жасайды. Жұмыстан қолы қалт етсе, тапсырыс қабылдап, іс тігуге кіріседі.


Өскеменде қызығушылық аз

Жас маманның айтуынша, қыз жасауы мен құрақ көрпеге деген сұраныс пен қызығушылық Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстанда жоғары. Ал Шығыс халқы қыз жасауын ұлттық нақышпен тігуге аса мән бермейді. Өйткені оңтүстік пен батыста құрақ көрпе әкелу қыз жасауының басты шарты болса керек.

- Маған батысқа, оңтүстікке тұрмысқа шықпақ болған өскемендік арулар жиі жүгінеді. Айтуларынша, қыз жасауына құрақ көрпе міндетті түрде кіруі керек. Өйткені қазақ үшін құрақ көрпе мен жастық-жамылғы ананың қызына тартқан, өзі қолдан тігіп табыстаған сыйы. Ал қыз бала үшін құрақ көрпе - анасың көзі. Қыздың анасы ою-өрнек арқылы сүйікті қызына деген сезімін, жүрек жылуын танытып, ыстық ықыласын, сағынышын білдіреді. Ал шығыста кыздың жасауы қандай болса да, ешқандай шектеу жоқ, - дейді кейіпкеріміз.

Қыз жасауына ыдыс-аяқ, қоржын, құрақ көрпе, төсеніш, жамылғы көрпе, ою көрпе, махаббат көрпесі, төсек жапқыш, жастық енеді. Ал мұнда ыдыстан басқасының барлығы - тігіншінің қолынан өтіп, оюмен көмкерілетін дүниелер.


Жүннен тіккенге көп уақыт кетеді

Шебер тігіншілікті бастаған сәтте құрақ көрпе мен төсеніштің ішіне қойдың жүнін төсемек болған. Бала кезінде де әжесінің төсеніш көрпеге жүн сап, емергенін көрген. Алайда жүнді төсеу оңай болмаған.

- Ауылдан жүн алдырып, оны түтіп, қоқымын тазалай бастадым. Бірақ жүн тазалауға көп уақыт кететінін кейін түсіндім. Төсенішке түктелетін жүннің де көлемі көп болуы тиіс. Бала кезімде әжемнің не үшін ауылдың бүкіл қыз баласын жинап алып, жүн түттіргенін енді түсіндім. Жүнді тазалауға бір адамның шамасы жетпейді. Оның үстіне, қойдың жүнінен өткір иіс шығып тұрады. Оны қанша жусаң да, кете қоймайды. Ал кейбір тапсырыс берушіге бұл иіс мүлдем ұнамауы мүмкін. Сондықтан жүннен бас тартып, құрақты масатыдан (велюр) тігіп, ішіне мақта төсейтін болдым, - дейді тігінші.

Құрақ көрпе тігуге қошқармүйіз ою түрін көп қолданады. Ал төсек көрпені тігер алдында тапсырыс беруші оны не үшін қолданатындығын сұрап алады.

- Егер жерге төсейтін төсеніш керек болса, онда оны қалыңырақ, жұмсақ етіп тігу керек. Сондықтан оның ішіне матрасқа арналған мақта салынады. Ал диванға салынатын көрпе қалың болмайды. Сол себепті оған синтепон сынды материал төселеді. Құрақ көрпені алынып-салынуға ыңғайлы болсын деп жамылғысына бекітпе (замок) не түйме қадаймын. Көрпе кірлеп қалған жағдайда, жамылғысын шешіп алып жуып, кейін қайта қаптауға болады, - дейді Айгерім Ақтайлаққызы.

Көрпенің түрі көп

Қазақта көрпенің екі түрі бар. Олар жамылғы көрпе және төсек не төсеніш көрпе деп бөлінеді. Жамылғы көрпе аты айтып тұрғандай жамылатын жылы көрпе. Ал төсек көрпе жерге не диванның үстіне жайылады. Шебердің айтуынша, көрпенің түрлері олардың ені мен ұзындығына, қолдану мақсатына байланысты жіктеледі.

- Төсек көрпе, әдетте, бір кісілік төсектің көлеміндей етіп тігіледі. Қазағымыздың көрпелерінің түр-түрі бар. Кейбір құрақ көрпенің түрлері қыз жасауына енеді. Мәселен, төр көрпе, махаббат көрпесі, күйеу көрпе, шәй көрпе, құдағи көрпе, жамылғы көрпелерді атасақ болады. Көрпенің атауынан-ақ олардың кімге арналғаны айтылып тұр. Махаббат көрпесі екі жастың жамылуына арналған көрпе. Күйеу көрпе - күйеу жігіт отыратын көрпе, ал шәй көрпеге келін отырып, шәй құяды. Одан бөлек, қыз жасауына жамылғы көрпе де енеді. Алайда жамылғы көрпені бір адам тіге алмайды. Сондықтан оны қолға алған емеспін, - дейді шебер.

Қазақта құрақтың 200-ден аса түрі бар делінеді. Құрақ - мата қиындыларынан құралып жасалатын төсеніш. Яғни, қолөнер туындыларын жасаған кезде, қалдық болып жиналған қиындыларды қиюластырып, ебін тауып тіккен дүниені "құрақ" дейді.

Халқымызда бесікте жатқан баланы жабатын "бесік көрпе", сәбиді орауға арналған "орауыш көрпе" сынды көрпеше түрлері бар.

Следующая →