Темір тұлпарыңыз қыс мезгіліне дайын ба?
Темір тұлпарды қысқы мерзімге дайындау үшін тек доңғалақты ауыстыру керек пе?
Күздің күңіренген жаңбырлы күндеріне, түнгі салқыны серпінін салып, қыстың таяп қалғанын білдіріп келеді. «Жаздың бір күні, қыстың бір айлық азығы» деп қамданып жүрген адамдардың күздің қатқыл мінезіне қарауға мұршалары болмай кетеді. Бұрын, мінген атым аман болсын деп оның жылыжайын дайындаса, ендігі темір тұлпарым аман болсын деп, көлікжайларын тазалайтын уақыт та таяп қалды. Қыс мерзімінде аман-есен жүру үшін қауіпсіздік шараларын ұмытпаған дұрыс.
- Машинаны қысқы кезеңге дайындау үшін бұрыштық және күштік агрегаттардың техникалық жағдайын қадағалау керек. Егер көлік 2WD болса, онда қозғалтқыштың беріліс қорабындағы және гидрокүшейткіші болса оның майын да тексеріп алған дұрыс. Белдікті, егер толық жетекті көлік болса артқы белдікті де қараймыз. Сонымен қатар, антифриздің қату температурасын да анықтауды ұмытпау керек. Антифриз машинаның жүрген жолына қарамастан екі жылда бір рет ескіреді. Сондықтан оның қату температурасының 40-тан төмен болмауы маңызды. Оталдыру білтесі мен жанармай сүзгілерін ауыстыру керек. Жанармай сүзгісін жиірек ауыстырса жаман болмайды. Аккумулятор қуатын да қарау керек, - дейді «Autobot» сервистік орталығының қызметкері Иван Коротков.
Маманның айтуы бойынша майдың жағдайы нормаларға сай болуы маңызды. 20 градуста, 45 градуста қататын майлар болады. Сондықтан, жылдың барлық мерзіміне келетін май құйған дұрыс. Майдың техникалық жағдайы ауа райына сәйкес болғаны жақсы. Алдыңғы қатарда «Мобиль 1», «Кастрол», «Монол» және «Шелл» майлары құйылады. Ал ресейлік «Газпром», «Роснефт» және «Лукойл» майлары да жақсы. Ең арзаны 950 теңге болса, импорттық «Тоталь» майын 1700 теңгеге құясыз.
Қысқы мезгілде ең бірінші ауыстырылатын бөлшек доңғалақтар. Адам жазғы аяқ киімін қысқыға ауыстырғандай, көліктің де қысқы доңғалақтар таққаны маңызды. Сервис орталығының қызметкерлері доңғалақтың қысымын да қадағалау керектігін ескертеді. Күн суытқанда оның қысымы төмендеп кетеді. Егер доңғалақты ауыстыру керек болса 13-ші радиустағы шина 1960 теңгеге, 14-ші 1990 теңгеге, 15-ші 2500 және 16-шы 2800 теңгеге ауыстырылады. Бұл, әрине, ауыстыру қызметі үшін ғана. Ал дөңгелектердің бағасы қала дүкендерінде 10 мыңнан басталады.
Бір қызығы, доңғалақты ауыстыру туралы Кедендік одақтың техникалық регламентінде де қаралған екен.
- «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың техникалық регламентін қабылдау туралы 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 Кедендік одақ комиссиясы шешімінің 5.5 тармағының талаптарына сәйкес қолданылады, - дейді ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев. - Осы қосымшаның 5.6.3 тармағының талаптарына сәйкес
қысқы мерзімде, қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Қысқы шиналар көлік құралдарының барлық доңғалақтарына салынады.
ҚР ЖЖЕ 1-ші қосымшасына сәйкес «Жол қозғалысының қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қауіп-қатер тудыратын, соның салдарынан көлік құралдарын пайдалануда тыйым салынатын жағдайлар және жарамсыздық тізбесі» белгіленген. Осы тізбе автомобильдердің автобустар, автопоыздар, тіркеуіштер, мотоциклдер, мопедтер, тракторлар, өзі жүретін машиналардың пайдалануға тыйым салатын жағдайларын белгілейді. Өлшемдер әдісі оларды техникалық пайдалануға басшылық жасау және техникалық регламент, стандарт ережелеріне сәйкес реттеледі.
- Жазғы доңғалақтарды қысқы мерзімдікке айырбастамағандарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының (Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу) 5 бөлігі бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жауапкершілігі қарастырылған, - дейді Бақытжан Торғаев. - Өткен жылдан бері жазғы доңғалақтарды ауыстырмау салдарынан ауыр жарқаттанғандар және қаза тапқандар болған жол көлік апаттары орын алған жоқ.
Айдос Мырзахметов