Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета

Баланы суретшілікке жас күнінен баулу қажет

Жақында ғана Достық үйінде жеке сурет көрмесін ұйымдастырған Аменгелді Исабековтен сұхбат алудың кезегі түсті

Амангелді Сапарханұлы Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, суретші, ұстаз.

- Сіздің ата-анаңыз суретші ме, сізге суретшілік өнер қайдан, қалай дарыған? Әңгімемізді содан бастасақ...

- Дарын атадан ұрпаққа құдайдың қалауымен берілетін текті белгі ғой. Атамнан бастап әкеме, аға-әпкелеріме дейін өнермен айналысқан, шебер адамдар болған. Әкем ауданымызға танымал ұста болды. Қолынан іс келетін шебер адам еді. Істің жөнін тауып, туынды жасауға баулитын. Анам да көзі ашық болған соң ба, кішкентай кезімнен бастап кітапты көп оқытатын. Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ер Тарғын жырын оқып, бойға сіңіріп өстік. Ағаларым жоғары білімді азаматтар болғандықтан, маған бояу-қарандаш әкеп беріп, сурет салуға үйрететін. Туған жерім Аягөз қаласы, Тарбағатай кеңшары – табиғаты тамаша жер еді. Бала күнімнен туған жерімнің көрікті жерлерін қағазға түсіретінмін. Суретшілікті бастауыма себепші болған ең алдымен туған әке-шешем болса, одан кейін туған жерім десе болады...

- Суретшілік өнерді толықтай игеруіңіз, осы саладағы қызметіңіз қалай басталды? Білімді қайда алдыңыз?

- 1976 жылы оқуға тапсырғаныммен түсе алмадым. Әскери борышымды өтеп келген соң тәуекел қылып тағы тапсырдым. 1981 жылы Н. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1985 жылы аяқтап шықтым. Институттың соңғы курсында Семей қаласындағы №5 мектепке іс-тәжірибеге барған болатынмын. Мектеп директоры мені ұнатып, ауданға берген жолдаманы ауыстырып, өзінің мектебіне қызметке алды. Кейін Шәкәрім есімін алған №5 мектеп-гимназиясында 30 жыл ұстаздық еттім. Әлі күнге дейін оқушыларды сурет өнеріне баулып келемін. 2015 жылы Қазақстан Суретшілер одағына мүшелікке ендім, ал 2014 жылы оқу саласында берілетін ең үздік белгі Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгіге ие болдым. 2015 жылы Қатонқарағай ауданының шығармашылық үйіне қызметке ауысып, оқушыларға арналған суретшілер үйірмесін құрдым. 

- Суреттеріңіз қандай көрмелер қойылған?

- Алғашқы суреттерім өзім ұстаздық еткен мектептің қабырғасына ілінген. Барлығы 14 туынды еді. Қазіргі күнде №5 мектеп-гимназиясының екінші қабаты толықтай менің галереяма айналған. Қаланың ешқандай мектебінде мұндай көрме залы жоқ. М. Әуезовтың 115 жылдық мерейтойында суреттерім Абай мұражайына, Абайдың 170 жылдық мерейтойында «Ұлы Абай» атты туындым Шығыс Қазақстан өнер мұражайына қойылды. Жаркенттегі Ә. Қастеевтің мұражайында, Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайында бірнеше суреттерім қойылған. 

- Осы күнге дейін қылқаламыңыздан қанша туынды жарық көрді? Көбінесе қандай тақырыпта?

- Осы күнге дейін 45 суретті толықтай аяқтадым. Жұмыстарымның көпшілігі табиғат көріністерін салуға арналған. Туған жердің табиғатын суретшілік сезім мен сағыныштың сәулесімен суреттегеніміз жөн ғой. 

- Суретті қандай уақытта саласыз?

- Туынды кей уақытта ұзақ уақытты талап етеді. Тұтыққан кезде тоқтап, толғақ қысқан кезде тізгінді ағытамын. Дегенмен суретті жаз уақытында салған әсерлі болады. Жазда табиғат құлпырып, қиялдың құшағына, сұлу сезімге жетелейді. Күн жарық болғандықтан бояудың түстерін ажыратуға, шағылысқан сәуленің реңін анықтауға көп мүмкіндік болады. Түнде салған сурет пен күндіз салған суреттің реңі де әртүрлі келеді. Мен күндіз, жарықта сурет салғанды қалаймын.   

- Оқушылармен ұзақ уақыт жұмыс жасаған екенсіз. Шәкірттеріңіз жайында айта отырсаңыз... 

- Осы күнге дейін 34 шәкірт тәрбиеледім. Шәкірттерімнің көпшілігі Астана, Алматы, Семей қалаларында мектепте, жоғарғы оқу орындарында сабақ береді. Биыл Назерке Мелсова есімді шәкіртімді ізбасарым етіп тәрбиелеудемін. Екеуіміз осы жылдың сәуір айында аудандық Достық үйінде шығармашылық көрме ұйымдастырдық. Назеркенің бойында талант тұнып тұр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді халқымыз. Ата-анасымен кездесіп, баласын суретшілікке беруін өтініп, мамандығын таңдауда өз ақыл-кеңесімді айттым. Алдағы уақытта Назерке мен оқыған оқу орнына түсіп, сурет салу саласын жалғастыруды жоспарлап жүр. Мектепте тәрбиелеген оқушыларым республикалық олимпиада, байқаулардан жүлделі орындар алған. 

- Балалар үйірмесін ашудағы мақсатыңыз қандай?

- Қатонқарағай ауданында балаларға арналған суретшілер үйірмесін, шахмат үйірмесін ұйымдастырдым. Балалардың суретке, шахмат ойнына деген қызығушылығы мол. Шахмат ашылған алғашқы жылда 30 бала үйірмеге келсе, екінші жылы 80 бала қатысуға тілек білдірді. Шахмат ойнау, сурет салу баланың қиялын тез дамытады. Тәртіпке, тәрбиеге, өз уақытына ұқыпты қарауға үйретеді. Өнер өрге сүйрейді. Үйірмеге қатысатын балалардың да оқу үлгерімі жақсы, тәртібі үлгілі. Балалардың бос уақыт өткізгендігін қаламаймын, сондықтан да осындай көркем өнер үйірмелерін ұйымдастырып отырмын. Көптеген ата-аналар алғысын білдіріп жатыр. Эстетикалық тәрбие алған баланың табиғаты ерекше келеді. Жан дүниесі адалдыққа бай, адамгершілікке толы болады. 

- Сурет үйірмесіне балаларды қалай жинадыңыз?

- Қатонқарағай ауданына келген соң мектептерге барып суретшілер үйірмесінің ашылғандығын айтып, құлаққағыс еттім. Балалар бірден қызығушылық танытты. Достық үйінде шығармашылық көрмемді ұйымдастырудағы мақсатым да оқушыларды суретшілік өнерге тарту, қызығушылығын ояту болатын. 

- Балаларды сурет салуға қалай үйретесіз, суретшілікке қалай баулисыз?

- Негізі балаларды суретшілікке неғұрлым жас кезінен бастап баулу керек. Баланың жас кезіндегі қиялы мен фантазиясы өте зейінді келеді. Бастауыш мұғалімдері кей жағдайда сурет өнерінен сабақ бермейді. Бұл қателік дер едім. Сурет баланың ой-қиялын, логикасын дамытады. №5 мектеп-гимназиясында сабақ берген кезімде мектеп директорына сурет өнерін бастауыш сыныптан бастап оқытуға көндірген болатынмын. Үйірмеге қатысатын балалардың да көпшілігі бастауыш сынып оқушылары. Балаларды сурет салуға үйрету барысында ең алдымен өзім тақтаға не қағазға суретті сызып, салып көрсетемін. Балалар көрсін, үйренсін деген оймен әртүрлі түсті бояуларды бір-біріне қосып, араластырып сурет салып, тәжірибе жасаймыз. Өздерінен де суретті тоқтатпай сала беруін, әртүрлі тәжірибе жасап көруін өтінемін. Сурет сала берген сайын бала үйрене береді, түстерді, бояуларды қосуды, ажыратуды меңгереді. Туындының тек 1%-ы ғана дарын, ал 99%-ы еңбек. Сондықтан тәжірибе жасаудан қашпау керек.  
Следующая →