Етікшіні балға мен біз асырайды
Қолдың кірі, еңбектің тазалығының айғағы. Шетел саяхатшыларының бұрынғы замандағы қазақ жеріне жасаған сапарларынан «олар киім салатын сандығынан, үстелдегі кесесіне дейін өрнектеп қоятын саусағынан бал тамған шеберлер» деген жазбалар қалдырған
Қолдың кірі, еңбектің тазалығының айғағы. Шетел саяхатшыларының бұрынғы замандағы қазақ жеріне жасаған сапарларынан «олар киім салатын сандығынан, үстелдегі кесесіне дейін өрнектеп қоятын саусағынан бал тамған шеберлер» деген жазбалар қалдырған.
Қазіргі нарық заманында адамдар көптеген тұрмыстық бұйымдар шығаруда. Тіпті, кез келген затқа салынатын өрнектердің өзі автоматтандырылған. Заман қанша алдыға ілгерілесе де табиғи дүние жоғары бағаланып қалмақ. Мұны бүгінгі талғамнан бастап, кеңістіктегі уақытқа дейін дәлелдеп үлгерген.
Ұстаны соққан пышағынан таниды...
Қытайдың Алтай өңірі Қаба ауданында дүниеге келген Нәсіпхан Ахметов ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерге өз-елім, өз-жерім деп 2006 жылдың мамыр айында келген. Жарты ғұмыры жат елде өтсе де, өмірінің қалған бөлігін халқына адал қызметімен өткеруде.
- Жалпы етік тігу кәсібімен менің әкем де нағашыларым да айналысып келді. Сол кісілерден көргенімізді көңілімізде сақтап қалыппыз. Қытай жерінде жүргенде бұл кәсіппен айналыспадым. Тек Қазақстанға келіп, Нұрлы көште тұрақтана бастағаннан кейін аяқ-киім тіге бастадым. Турасын айтқанда 2013 жылы мемлекеттік бағдарламамен несие алып жұмысқа кірістік.
Нәсіпхан аға тіккен саптама етіктерге бүгінгі таңда едәуір тапсырыс түседі. Табиғи былғарыдан дайындалатын бұл етіктердің тарихы да өзгеше. Жаугершілік заманда, келін бір күнде жесір, бала бір күнде жетім қалатын кезеңде көшпенді қазақтар саптама етік киген. «Аттандап» шапқан айғайды ести салысымен қазақтар етіктің оңы мен солын ажыратпай кие салып, атқа қонатын болған.
- Саудамыз орынды жүреді. Көп жағдайда тапсырыспен дайындап қоямыз. Азова, Катонқарағай, Күршім және Марқакөл аудандарынан да тапсырыстар келеді. Күнделікті дүкеннен көретін аяқ-киімнен бастап, саптама етікке дейін тапсырыстар түсіп жатады. Саптама етіктердің қонышы ұзын, таза былғарыдан дайындалады. Қазақы оюлармен өрнектелген, сапасы мен төзімділігіне байланысты құны да сәл жоғары келеді, - дейді Нәсіпхан аға.
Бастапқы сәтінен бастап жүріп кеткен бұл кәсіп талай шәкіртті тәрбиелеп шыққан. Кез-келген қолөнер жұмысының өз қиындығы болады. Ал етік тігуді үйренуге бірнеше жылдар кететін көрінеді. Нәсіпхан ағаның айтуынша бұл уақыт аралығы қазіргі техниканың арқасында ғана қысқарған. Бұрынғы заманда бұл кәсіпті игеру үшін бала күніңнен бейімделуің керек болған.
- Әкелеріміз барлығын қолмен тіккен. Қазіргі пластмасса қалыптардың барлығы ағаштан болды. Яғни, оларды дайындау үшін сонымен бірге ағаш шеберлігінен де хабарың болуы керек еді. Тіпті қазіргі кездегі техниканың өзін білуге біраз уақыт кетеді. Бұлғарыны жұқартып, табанын желімдегенде де, оны тігу барысында да аса ұқыптылық керек.
Қалыпты бағасы 12 мың болатын аяқ-киімдердің күніне екі-үшеуін дайындап қоюға болады. Бұл екі адамның күнделікті атқаратын мөлшері. Тапсырыс көбейгенде бұл шеберханада аянбай тер төгіледі. Аяқ-киім мезгілдің еншісіндегі бұйым болғандықтан тапсырыс та кезең-кезеңімен өзгеріп тұрады.
- Тапсырыстар төрт кезеңде төрт түрлі өзгереді. Адамдар күзде қысқа дайындалады, көктемде жазға дайындалады. Сол сияқты оның бағасы да қысқа қарай қымбаттай түспек. Себебі, оған кететін материалдар да өзгереді. Оның сапасы, жылылығы маңызды. Ішіне қой терісін тігеміз. Дүкендердегі аяқ-киімдердің дым тартатын қасиеті бар. Ал қолдан тігілген аяқ киім әлдеқайда ұзақ уақыт құрғақ сақталады. Себебі бұл табиғи заттардың қасиеті.
Етікші етікке жарымас...
Бір қызығы, әйел адамның аяқ-киімін тігу ер адамдікінен әлдеқайда жоғары. Әрине, талғамы жоғары нәзік жандылардың сұранысы әлдеқайда жоғары болмақ. «Сұлуынан жылуы артық» дейтін еркектерге қарағанда, әйелдерге «сұлуы да, жылуы да» маңызды келетіні айқын. Нәсіпхан аға мұны мойындай отырып, мысқылмен айтады.
- Әйел адамның аяқ-киімдерін де тігеміз, әрине. Бірақ, оның өз қиындығы бар. Қолымыздан келмейді демейміз, олардың аяқтарына үлгі боларлық қалыптар аз. Бізде біраз түрлері кездеседі. Соларға сүйене отырып жазғы аяқ киімдерді де тігеміз. Олар көбінде жұмысқа, серуенге шыққанға ыңғайлы. Жеңіл, әрі кроссовкалар сынды. Бірақ, қалауына орай өзге тапсырыстарын да орындап беріп жатамыз.
Шеберхана 2013 жылы ашылған. Алғашқы тырнақалды ісінен бастап біршама ұжымдық, қаржылық өзгерістерді басынан кешірген. Нәсіпхан аға шеберхананың өткерген күндерін баяндай отырып, саяси да, қаржылай, әріптестік түрлену туралы сыр шертті.
- Қытай шекарасынан тауар өткізу үшін баж салығы салынады. Оны өтеп шығу үшін біршама қаражат кетеді. Жалпы аяқ-кім дайындау үшін былғарылар мен оның өкшелерін, табандарын сатып алу қажет. Көршілес тұрған Ресейден бұл материалдарды алуға болады. Ол жерде әлдеқайда арзан. Бірақ қазір кейбір серіктестеріміз несиесін өтей алмай жатқандықтан ол жаққа шығуға тыйым салынған. Алып-сатарлар материалдарға бір-екі еселеп баға қосады. Яғни, Алматы қаласынан алсаң да айырмашылық болмай қалады.
Несиемен қиындықтар тумай тұрған кезде Нәсіпхан аға Ресейдің Барнауыл өңірінен қажетті материалдарын алып келіп жүрген. Саудасы да, еңбегі де жемісін беріп келе жатқанда, серіктестерінің арасында несиелік қиындық туып, ол жаққа бару қиындық тудырған.
- Әрине, халыққа дүкеннен қарағанда әлдеқайда арзан етіп сатуға болар еді. Сапасы жоғары, әлбетте таза дүниелерден жасалатындықтан сұраныс та артар еді. Әттеңі сол, бұл жақта материалдардың бағасы әлдеқайда жоғары болғандықтан ағымдағы нарыққа еруге тура келеді. Алматыдан алғанмен Ресейге баратын алып-сатарлар бір бағаны сұрайды. Сондықтан тапсырысқа қажетті материалдар алумен шектеліп отырмыз.
Шәкіртсіз ұстаз - тұл...
Өнерсүйер адамға жас бағынбайды. Нәсіпхан аға шәкірттері туралы баяндай отырып, өзінен үлкен адамдардың осы іспен айналысуға ниет білдіргенін айтып өтті. Жанұялық кәсіп болса да шебер дүйім халықтың ішінен осы істі игерем деушілердің бетін қақпайды.
- Дәл осындай шеберхананы Риддер қаласынан Ерлан деген шәкіртім ашты. Катонқарағай ауданынан келіп, былтырдан бері осында қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, бір жыл бірге қызмет істеп келдік. Ағамның жасындай ер адамның кішіпейілділігі керемет. Кейін, осы шеберханадағы техникаларға ұқсас құралдарды несиеге алып, өз ісін ашты. Тігіс тігетін қалыптары аз болғандықтан, Ресейге баруды жоспарлап отыр.
Нәсіпхан ағаның кәсібі жанұялық деңгейде қалыптасып кеткен. Самғау Нәсіпхан да Қазақстанның өзге өңірлеріне әкесінің ісін танытуда. «Болар адам он бесінде бас болар, болмас адам жетпісінде жас болар» дегендей әкенің адал ісін Қазақстанның кіндігіндегі Астана қаласына алып барған.
- Барлығы төрт адамнан басталды. Алғашқы сәттері інім, ұлым Самғау және тағы бір тігіншімен бірігіп бастадық. Ұлым Астанада «Арлан» атты қазақы ұлттық бренд ашты. Астанада сапалы аяқ-кімдерді 150-200 мың теңгеден тігеді. Қаланың адамдары да, депутаттары да, тіпті Бекболат Тілеуханов ағамыз да тапсырыс беріпті. Кейіннен Бекболат ағамыз ұлыма қол ұшын созып, аяқ алды ісіне қолдау көрсетті.
Әйел адам да игере алмайтын етікші саласы Шығыстың төрінде біртіндеп жалғасын тауып келеді. Нәсіпхан ағаның шәкірті болған адамдар да, оның ісін бүгінгі қазақ дүйіміне жалғастырып келеді. Өмірдегі қандай сапар болмасын алғашқы сапардан басталады. Нәсіпхан ағаның ұлттық аяқ киімдері де кешегі ұлтсыздандырған Кеңес одағының сарқытынан мәңгіге арылар бастама екеніне сенеміз.