Өскемен
пасмурно
+19°
  • Өскемен
    +19°
  • Алматы
    +20°
  • Астана
    +15°
  • Ақтөбе
    +8°
  • Актау
    +17°
  • Орал
    +12°
  • Қарағанды
    +17°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +7°
  • Қызылорда
    +26°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +10°
  • Тараз
    +20°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +20°
$
441.66
-2.48
475.14
-1.91
¥
61
-0.34
4.86
+0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета

Райым Уайыс: Қайырымдылық жасаған – сауап

Мейрамбек Беспаев ағамызды тамсандырып, шәкірті атанған Райым Уайыс өткен аптада Өскемен қаласына келіп, қайырымдылық кешіне қатысты. Сындарлы сұхбаттың сәті де табылды...

Мейрамбек Беспаев ағамызды тамсандырып, шәкірті атанған Райым Уайыс өткен аптада Өскемен қаласына келіп, қайырымдылық кешіне қатысты. Сындарлы сұхбаттың сәті де табылды...


? Сізді Мейрамбек Беспаевтың шәкірті, ерекше дауысқа ие өнер майталманы ретінде таниды. Осындай сара жолға қалай келдіңіз?

- Негізі Қызылорданың тумасымын. Кішкентайымнан Тараз қаласына көшіп кеттік. Тараз өңірінің ауасын жұтып, топырағына аунағандықтан өзімді өзге жұртқа «тараздықпын» деп таныстырып келдім. Тараздың жергілікті әншілері Ғани Мәтібаев сынды ұстаздарым бар. Олар Мейрамбек ағаларымыздың замандастары, достары. Дос жарандарының тойына келген Мейрамбек ағамыз мені сол кезде байқаған болатын. Бұл 2008 жылдар еді. Сол кезден бастап мен әз-ағамыздың қасында болдым.

? Мұндай сәттер қилы оқиғаларға толы болады. Сырын ашып, сол сәтті баяндай кетсеңіз...

- Ұстаздарым Мейрамбек ағамызға хабарласып, тойға жәрдемдесіп кетуін сұраған. Ағаларымыз тойға Мейрамбектің келгенін айтып, маған қатыс деген еді. «Райым деген ініңіз боламын» деп әнші ағамызға бардым. Ән шырқай бастағанда бірден көзіне түстім. Отырған жерінен теріс қарап, таң қалғандай сыңай танытқан еді. Шыны керек, сол сәтте қобалжып қалғандай болдым. Той соңында «Райым, рахмет. Тойдан кейін бұйыртса жолығамыз» деді. Осыдан кейін бір жылдан кейін жолымыз түйіскен болатын. Таразға келген сайын жанына ертіп, жай қыдырып келсе де қасынан қалдырмады. Сол уақыт аралығында мен туралы мағлұматтар жинап үлгерген екен. Көңілінен шыққан сияқтымын. 2009 жылдың аяғында 2010 жылдың басында ағамыздың қасына келіп, сол кезден бастап шығармашылық жұмысымды бастадым. Өнерімізді ортаға салып, өз жұмысымызды бастадық. Бірақ ол кісінің назарынан үзілген жоқпыз. Қиын сәттері әрқашан қолдау көрсетіп келді.

? Жігітке жеті өнер де аз демекші, ән орындаудан басқа ән жазатын қасиеттеріңіз бар шығар?

- Жоқ, мен ән жазбаймын. Иә, бойдақ күнімізде студияда қонып жүрген кезімде «Сүйген жүрек» деген ән шығарғанмын. Ол ән менің репертуарыма кірген жоқ. Кейіннен бұл әнді «Қыран» деген топқа сыйға тарттым.

? 10 жылдың ширегінде Мейрамбек ағамыз қолдау көрсетіп келді дедіңіз. Бұл аралықта аға мен інідей болып кеткен шығарсыздар?

- Шынымды айтсам, Алматыға келген сәттен бастап 2014 жылға дейін әр басқан қадамым Мейрамбек ағамыздың наразында болды. Қайда барсам да, қандай жағдайға түспесем де қаржылай көмегін аямай көрсетті. Тұрып жатқан үйімді, дастарханым мен киімімді де, тіпті жазатын әндерімді де сол кісі өтеп беріп тұрды. Әкемдей қамқорлық көрсеткені үшін қарыздармын. Алғысым шексіз. Ол кездері оң мен солды ажырата алмаған жас едік. Қазір шаңырақ көтеріп, ақыл тоқтатып, ақ пен қараны ажырататын күйге жетіп отырмыз. Жанұялы болған соң, әз ағамыздың қанатының астында жүре беретін емес. Қазір өз жүгімізді өзіміз көтеріп жүрміз. Алайда, тығырыққа тірелген сәтте ағамыз әрқашан қол ұшын созуға бар.

? Кеше ғана Шығыстың төрінде қайырымдылық кешін бердіңіз. Қайырымдылық кешін жиі өткізіп тұратыныңыз туралы кең айтылады...

- Өнерде жүргеннен кейін елге, мұқтаж жандарға игілігіміз тиіп жатса үлкен жетістігіміз деп білемін. Теңізге құйған тамшыдай болса да, пайдамыз болсын деп Алматы қаласынан келіп отырмыз. «Патшаның айтқанын қойшы да айта алады, бірақ аузының дуасы жоқ» дегендей, халықтың назарында жүргеннен кейін ол адамдарға көмегіміз тиіп жатса бізге де қуаныш. Қолымыздан келгенді аянбай, қатысатын жерде қатысып, өнерімізді саламыз. Әрине, қазіргі таңда қайырымдылықтар көп. Бірі рас болса, енді бірі өтірік болып шығады. Ондай жағдайларды ескереміз.

? Бұл қайырымдылық шаралары өзге қалалармен жалғасын табатын болар?

- Қайырымдылық дегеннен гөрі мұны мен сауап деп қараймын. Ал сауапты адам өле-өлгенше жасап өтуі керек. Сондықтан бойымызда күш-қуатымыз барда мұндайдан шаршамаймыз деп ойлаймын.

? Өнегелі ұстаздан тәлім алдыңыз. Өзіңіз шәкірт тәрбиелеу туралы ойланып көрмедіңіз бе?

- Қазіргі кезде ұстаз ретінде қалыптастым деп айта алмаймын. Себебі, өз ұстазымның ұстазының көзі тірі. Тіпті, Мейрамбек ағамыз да маған ұстазыңмын деуден тартынады. Сондықтан, ол кісі ыңғайсызданып тұрғанда өзіме шәкір тауып алсам, бұл менің азаматтығыма сын болады. Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеуге бел байлап жүрген жоқпын. Бірақ барлығы уақыттың еншісінде. Ағаларымыздың жасына жеткенде неге шәкірт тәрбиелеп көрмеске?

? Қандай жанрдағы әндерді айтуға әуессіз?

- Бізде лирикалық әндер көп. Алып жүрген өнерім де лирикалық-тембр деп аталады. Әнімнің басым көпшілігі баяу. Рок-н-ролл сынды тез айтылатын әндерді де жазып көрудеміз.

? Сіздің Мөлдір Әуелбековамен орындаған дуэтіңіз танымал. Шығармашылық жұмыстарыңыз жалғасын табуда ма?

- Мөлдір менің жерлесім, бір жағынан әпкем деуге болады. Дауысымыздың үйлестігі, мәнері ұқсайды. «Неге ән айтып көрмеске» деп, «Қасыңдамын» деген дуэт жазғанбыз. Бұл әнмен Өскемен, Семей, Талдықорған және өзге де қалаларды аралып шықтық. Ыңғайы келсе биыл да гастрольдік сапарға шығамыз деген жоспарымыз бар.

? Өскеменге жиі келесіз ғой. Бұл қаладан қандай әсер ала-алдыңыз?

- Ең алғаш келген сәтімде Өскемен өз баласындай бауырына қысып, үлкен ықыласпен қарсы алған болатын. Өскеменге келсем Таразға келгендей боламын. Халықтың ықыласы да бөлек болғандықтан шығар, Өскеменге жиі келетін болдым. Халқымыз апаттардан аман болсын, Өскемен Қазақстанның ең беделді қалаларының бірі болуына тілектеспін. 


Әңгімеңізге рахмет!

Следующая →