Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Раушан Нәбиева: Өскеменге көп кәсіп қажет

Өз кәсібіңді бастағың келсе, ең алдымен, қолыңнан қандай істің келетіндігін байыпта. Мәселен, тігін тіге аласың ба, онда тігіншілікті кәсіп ет

Шаш сәндей аласың ба, шаштараз ісін аш. Нан, тоқаш, тәтті тағам пісіре алсаң, наубайхана ашуға тырыс. Қарапайым ғана қар күреудің әдісін білсең, қар күреумен айналысатын шағын шаруашылық ашсаң болады. Істің өзі қарапайым қабілеттен басталады. Қабілетіңді тауар ретінде сатылымға қоя алуың керек. Кәсіпкерліктің кілті тек осында ғана.


Үйренуден табысқа дейін...

Қолынан іс келетін жанның барлығы іскер бола ала ма? Бола алады, әрине. Еңбек пен сабыр кез келген кәсіптің табысын дөңгелетеді. Бүгінгі кейіпкеріміз дизайнер Раушан Нәбиева өзінің ісін Астана қаласында үйренген. Еуразия Ұлттық университетінде білім алып жүріп, екінші курстан бастап дизайнерлік шеберлікке көңілі ауып, білезік, сырға, таспих, тәж сынды сәндік бұйымдарды тастан жасай бастаған. Кейін Өскемен қаласына келіп, өз ісіне көңіл бөліп, оны дамытуға ниет еткен.

- Басында тек қызық үшін жасап көргім келді. Жасаған бұйымдарым құрбы-құрдастарыма қатты ұнады. Содан кейін «қолымнан іс келеді екен, неге осы салада бағымды сынап көрмеймін» деп ойладым. Бірнеше курсқа қатыстым. Ресейден бейнекурстар сатып алып, сәндік бұйымдарды жасаудың қыр-сырын үйрене бастадым, - дейді жас дизайнер Раушан Нәбиева.

Жас дизайнердің қазіргі күнде айналысып жүрген негізгі саласы - мерекелік кештерге арналған сәндік бұйымдар жасау. Әсіресе, үйлену тойына киетін көйлектердің бұйымдары - сырға мен тәж жиі сұранысқа ие көрінеді. Өйткені еліміздегі той нарығы кез келген бизнестің тұтқасы болып отырғаны белгілі. Қазақтың тойы барда, қазақтың әнші-асабасы да, өнер иесі де, безендіруші мамандары да табыстан шет қалуы мүмкін емес.

- Өскеменде тойға, мерекелік кештерге қажетті сәндік бұйымдарды жасау жағы аса дамымаған. Жаңадан келген сала десек болады. Келген клиенттердің көбі «Өскеменде де әшекей жасаумен айналысатындар бар екен ғой» деп таң қалады. Бұйымдарды қазақ қызы жасайтындығын білгенде, тіпті, таң қалып жатады. Ал Астана мен Алматы, Шымкент қалаларында бұл саладағы бәсеке жоғары. Әсіресе, Ресейдің кавказ халықтарында сәндік бұйымдарды тастан жасаудың дамып кеткендігі соншалық - Шығыс халықтарының өзі солардан сабақ алып, тәжірибе жинайды, - дейді өз саласына зерттеу жасап жүрген жас маман.

Астанада үйренген шеберлігін Өскеменде дамытуға келген дизайнер қала тұрғындарының бұл бұйымдарға деген сұранысының мол екендігін айтады.

- Өскемен қаласында, біле білсеңіз, кәсіптің көптеген түрі әлі қанат жая қоймаған. Қарапайым ғана, тойға, түлектер кешіне киетін көйлектің өзін Өскеменде бірден таба қою қиын. Бір көйлек үшін бүкіл қаланы шарлап шығу керек. Болмаса, Семейге, Алматыға кетесің. Сапалы, бағалы көйлектер жоқ емес, бар. Алайда таңдау аз. Ал интернеттен тапсырыс берген дүниенің қаншалықты көңілден шығатынын тағы білмейсің. Өзің көріп, өзің өлшеп алған заттың қызығы да мол болады. Сондықтан өз кәсібін бастағысы келгендерге көйлек сататын дүкендерді ашуға кеңес беремін. Ал сәндік бұйымдарды сатып алғысы келетіндердің саны көп. Қызығушылық мол, - дейді Раушан Набиева.


Шеберлік шығармашылықтан бастау алады

Кейіпкеріміз бұйымдарды денсаулыққа зияны жоқ, аллергия тудырмайтын табиғи тастардан жасайтындығын айтады. Бұған қоса, табиғи тастардан жасалған бұйымдардың келбеті де көрікті келеді.

- Бұйымдарды хрусталь, інжу, ақық, күлгінтас сынды ұсақ тастардан жасаймын. Бір бұйымды жасауға жеті-сегіз сағаттай уақытым кетеді. Мәселен, тастан тоқылған сырғаны жасау үшін алты сағат уақыт қажет. Бірақ кейінгі кездері бұйымдарды тезірек жасайтын болдым. Тәжірибе жинаған сайын, қолым да жаттығып келеді, - дейді Раушан Нәбиева.

Жас дизайнер жасалған бұйымдардың ешқашан қайталанбайтындығын, қайталаудың мүмкін емес екендігін айтады.

- Әрбір бұйым - бұл шығармашылық төл туынды. Оның қайта тууы мүмкін емес. Бір дүниені жасау үшін көп ойланып, көп толғанасың. Бар сезімің мен ойыңды, қабілетіңді саласың. Түнде жұмыс жасағанды жақсы көремін. Өйткені түн жаңа шығармашылық ойлардың тууына түрткі болады. Ақындар түнде отырып толғанады, ал композиторлар түнімен әуен жазады. Біздің халіміз де сол. Күндіз тұрмыстық мәселелер көбейіп кете ме, білмеймін, ойың шашырап, ниетің қашып кетеді, - дейді кейіпкеріміз.

Толғаныстан шыққан туындының ғұмыры ұзақ, көркі сұлу болмақ. Мұндай өнімнің халыққа да ұнары сөзсіз. Жүрек сезімі мен көңіл тебіренісі кез келген дүниенің сымбатына сұлулық, келбетіне жылу сыйламақ.

- Әрбір әшекейді шынайы сезіммен отырып жасаймын. Сондықтан болса керек, жағымсыз пікір білдіргендер болмаған. Тапсырысты тек Өскемен қаласының адамдары ғана емес, Астана мен Алматы, Павлодар қаласынан да береді. Дәл қазір Мәскеу қаласынан келген тапсырысты орындап жатырмын, - дейді Раушан Набиева.


Адами қасиет - кәсіптің кілті

Жас дизайнер клиенттермен қарым-қатынас жасаудың да сырын біледі. Ең алдымен, тауарға клиентті тартатын - бұл баға.

- Баға арзан болса, бұйымның сатылымы да жоғары болатындығы белгілі. Алайда менің басты мақсатым - бұйымдардың адамдарға қолжетімді болуы. Өскемен шалғай жатқан аймақ болғандықтан, бұл қалада тауарлар онсыз да қымбат. Адамдардың қалтасына салмақ түсірмеу үшін арзанға сатамын. Саудаласуға ыңғай танытамын. Студенттерге жиі жеңілдік жасап тұрамын. Сондықтан баға тұрақты емес, - дейді Раушан Нәбиева.

Клиенттермен жылы сөйлесу, олардың көңілін табу - бизнесті жүргізудің негізгі кепілі.

- Сол себепті тапсырыс берушілердің әрқашан көңілін табуға тырысамын. Әртүрлі ұсыныстар айтамын. Ең бастысы, клиенттің көңілі қалмауы тиіс. Әрбір адамға жауапкершілікпен қарау керек. Біздің қаламызда клиенттер мен жеке кәсіпкерлер арасында жылы қарым-қатынастың жоқ екендігін жиі байқаймын. Әсіресе, клиенттер өздерінің ісін дұрыс деп санайды да, тым жоғары талаптар қояды. Пенделігі ұстап, дөрекі сөйлейді. Адами қасиет болу керек қой. Кез келген жағдайға түсіністік танытып, парасатты сөйлеуге болады. Ал сатушылардың көбі «алсаң - ал, алмасаң - қой» деген сыңай танытады. Мұның барлығы кәсіптің тоқтауына әкеледі, - дейді Раушан Нәбиева.

Ең алғашқы клиенттерің - айналаңдағы таныстарың, туған-туыстарың. Ал одан кейінгі клиенттер - туған-туыстардың таныстары.

- Клиенттің өзі таныстарың арқылы жиналады. Сондықтан бір адамға көңілінен шығатындай қызмет етсең, онда ол ризашылық білдіріп, басқа таныстарына кеңес береді. Осылайша тұрақты клиенттер де кеңейе түседі, - дейді жас кәсіп иесі.

Клиенттерге түсіністік танытқан сайын, тауар мен өнімнің де өтімді болатындығын аңғарған жас дизайнер кәсіптің кілті адамдармен жылы қарым-қатынаста екендігіне сенімді.

Следующая →