Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Тұлпардың дүбірі құлаққа күй болып төгіледі

Әр аудан мен ауылдың бетке ұстар, өнеге тұтар өнерлі отбасылары болады. Кейбір жанұя елдің сыйлы да құрметті әулетіне айналады. Қазақтың туысқандығы мен бауырмалдығы, сарысүйек ағайыншылдығына  ешқандай  шығыс халықтарының жомарттығы жетіп көрген емес

Қазақ халқының ғұмырында өмір бойы қадір тұтатын бір ғана құндылығы бар. Ол – отбасы, жанұя, әулет. Қазіргі заманда, өкінішке орай, жастар арасында отбасы құндылығының аздап болсын, қабырғасы сөгіліп бара жатқанын байқаймыз. Алайда біз баяндағалы отырған отбасы жастардың түсінігін өзгертуге әсер етсе деген тілектеміз...


Елде тұрмыс кешкеніне он екі жыл


2005 жылы Моңғолиядан Отанға оралған қандас Хамиттер отбасы қазіргі таңда Ұлан ауданының ұлағатты жанұясы болып отыр.

- Тұңғыш балам жеті жасқа толған уақытта қазақша оқуға бергім келді. Алайда Моңғолияда қазақ тілінде білім нашар. Ұл-қыздарымның ана тілінде білім алып, тарихи отанында күн кешкенін қаладым. Басты мұратымыз - қазақ елінің азаматы болу еді. Дәм тартып, бұйрық беріліп 2005 жылы шілде айында Ұлан ауданы, Тарғын ауылына қоныс қондырдық, - дейді Тілеухан Хамитұлы.

1973 жылы Моңғолия өлкесінде дүниеге келген Тілеухан ағамыз жолдасы екеуі сол елде білім алған. Ағамыз Моңғолия аудандарының бірінде ішкі саясат бөлімінде қызмет атқарып, аудандық мәслихат депутаты болса, ал жолдасы Гүлсім Төлеу апайымыз мектепте сегіз жыл ұстаздық еткен. Қазақ жеріне қоныстанған соң, ағамыз да, апайымыз да білімін қайтадан жаңартқан. Өйткені білім ортақ болғанымен, екі елдің жүйесі басқа болатын. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» дейді халқымыз. Жаңа елдің салт-санасын, тұрмыс ерекшелігін қабылдауға талпынған. Тілеухан ағамыз шығыс өңірінің өміріне бейімделе бастаған соң, Тарғын ауылының мәдениет саласында еңбек ете бастаған. Қазіргі таңда Тарғын ауылдың округінің мәдениет үйінде меңгеруші болып жұмыс жасайды.


Өнерлі отбасының өнегесі ауданға таныс


Бүгінгі күні Тілеухан Хамитұлы - үш қыз бен бір ұлдың әкесі. Өнерге бейімі бар отбасының өнегесін аудан жұртшылығы жақсы біледі. Биылғы жылы Ұлан ауданы басшыларынан ұсыныс түсіп, Хамитовтер жанұясы облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысты.

- Балаларым кішкентайынан өнерге жақын. Ұлым Өскемен қаласының музыка училещесінде үрмелі аспаптар мамандығы, ортаншы қызым Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінде прима қобыз мамандығы бойынша білім алуда. Ұлым Байқоныс тоғыз жасынан бастап ән сайыстарына қатысып келеді, тоғызыншы сынып оқып жүргенде-ақ ауданда өзінің жеке ән кешін өткізген. 2012 жылы ұлымды Моңғолия өңіріндегі ән байқауына шақырды. Ауданда алғашқы аурухананың ашылғанына 80 жыл толуына орай өткізген бұл байқауда жергілікті басшылық ат мінгізіп, шапан шапты. Оқуын тәмамдап, тәжірибесін жинаған соң, президенттік оркестерді қызмет етсем деген арманы бар. Ал музыка колледжінде оқитын қызымды аудандағы этнографиялық оркестрге шақырып отыр. Қыл қобыз аспабында ойнайтын жастар аз ғой, - дейді Тілеухан Хамитұлы балаларының өнерін мақтаныш тұтып.

Тілеухан ағаның өзі де домбырада ойнап, ән айтады. Нағашылары шетінен өнерлі, палуан, шешен, сері адамдар болғандықтан, бұл тектіліктің бір тіні кейіпкеріміздің де бойына берілген.

- Нағашыларым ел таныған өнерлі адамдар болғанымен, ерте өмірден өткен. Тек бала күнімде көргенім болмаса, өнегесін дер кезінде ала алмадым. Анам бірде «мынау нағашыларыңнан қалған аспап» деп көне домбыраны қолыма ұстатқаны есімде. Домбыраны қолыма алып, ойнауды өзім үйрендім, - дейді Тілеухан аға.

Өнегелі отбасы болған соң, әртүрлі аудандық, облыстық өнер мен спорт байқауларына шақырту алған. «Көңілді отбасы», «Дарынды отбасы», «Өнерлі отбасы» сынды сайыстарға қатысқан.


Ат баптау арманыма айналған


Тілеухан Хамитұлының тағы бір өнері - ат баптау. Моңғолия өңірі жылқыға бай өлке болғандықтан, мұндағы әрбір қазақ атбегілікпен шұғылданады. Бүркіт салып, ат шаптырады. Көшпенді мәдениеттің көне көз белгілері бұл өлкеде әлі сөне қойған жоқ. Кеңес кезінде тұқымы тұздай құрыған қазақы жылқы әлі күнге дейін Моңғолия даласында сақталған. Қазақ даласында 1910-1925 жылдары кәмпескелеу кезінде Арқада 45 мың, 30 мың, 28 мың, 15 мың, 10 мың жылқысы бар байлар болған екен. Геолог ғалым Қаныш Сатпаевтың әкесі Имантай қартта 24 мың жылқы болған. Моңғолияда мұндай шұбырған жылқылар әлі бар деседі.

- Мен алғаш бәйгеге жеті жасымда қатыстым. Ол кезде қазіргідей аламан жылқылар алаң айнала шаппайды. Ұшы-қиыры жоқ ұлан далада ұзын-сонар бәйгеге басады. Аламан бәйге 40 шақырымға дейін созылады. Бәйге жарысында бір ауылдың өзінен 180 жылқы шапқан кездері болған. Ал қазір ауданның өзінен 15-20 жылқы ғана аламанға шабады, - дейді Тілеухан Хамитұлы.

Тілеухан аға 16 жасынан бастап ат баптаумен шұғылдана бастаған. Жанына серік, бәйгеде жүйрік қара қасқа аты болған. Бұл жылқының тектілігі сонда – тек бір адамға ғана сауыр сипатып, айыл тарттырған. Ол, әрине, Тілеухан ағамыз. Өзге ешкімді жанына жолатпаған долы жануар болған.

- Ұл-қыздарым жетілсін деп күтіп жүрмін. Ұлым ұяға, қызым қияға қонған соң, ат баптаумен айналысам ба деген ой бар. Арманым десем де болады. Қазіргі күні тұқымы асыл жануарды табуға қиынға түседі. Тапқанның өзінде де, олар өте қымбат. Өткенде өзімнің қара қасқа атымнан аумайтын айғыр атты көріп, қолқа салып алмақ болдым. Оған бауыр басып та қалған едім. Алайда иесі келіспеді. Ат баптауға ұсыныс жасаса, қуана келісер едім, - дейді Тілеухан Хамитұлы.

Ат сейіл бапкер дүбірлі түлікті көзбен көрмей-ақ қалай жазбай тануға болатынын да айтты.

- Жас кезімізде жылқының сайда қалған тезегінен оның қандай көлікті жануар екендігін байқайтын едік. Терең тергеп қараған адамға жайылым жердің жылқыға қаншалықты жайлы екенін де аңғаруға болады, - дейді Тілеухан ағамыз.

Қазақ ат десе, ішкен асын жерге қояды. Жылқының дүбірі мен күліктің күмбірі қазақтың құлағына күй болып төгіледі. Күш болып ағылады. Ұлан ауданындағы ат спортының алқымдап, дамып келе жатқанын бәріміз білеміз.

- Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көреді. Бүлдіршіндер ағашты ат қылып ойнайды. Үлкендері аламан бәйгенің дүбірінен, дарияның алдында келе жатқан түліктің шабысынан ләззат алады. Ұлан ауданында да жылқы жағдайын білетіндер мол. Үзеңгілес қауыммен жылқы жайында сөз бастасақ болды, ауыл-аймақтың бәрін ұмытып, дүниенің шаруасына мылқау боламыз да қаламыз. Таңды таңға атырып, тұлпар туралы исініп тұрып әпсана айтпасақ, тағы да құмарымыз қанбайды. Сәйгүлік жөнінде әңгіме айтудың өзі қандай рахат! - дейді қазақы мінез Тілеухан ағамыз.

Ауданда өзінің қара қасқа күлігіне ұқсас айғырды аудандық мәдени шарада Қабанбай батырдың рөлін ойнауға шақыртуға алғанда көрген. Иесі беруден бас тартқанымен, әлі де үмітін үзбей жүр.

Осынау ақ көңіл, тәрбиелі отбасының отағасы алдағы уақытта қазақтың төл өнері ат бабымен шұғылданса екен деп ойлаймыз. Ат бәйге, көкпар, аударспақ, теңге ілу, жамбы ату, шеген, қыз қуу сынды ұлттық ойындарымызды додаға түсіп машықтанған сәйгүліктерсіз елестету мүмкін де емес. Ұлан ауданының ат спортын дамытуға үлес қосатын азаматтар қатарына енсе екен деген тілектеспіз.

Следующая →