Өскеменде киім ұрлаумен айналысқан ұрылар ұсталды
Полиция қызметкерлері аяқ киім мен бас киім ұрлаған екі күдіктіні ұстады.
Бірінші ер адам орталық базардағы бутиктердің бірінен үш жұп аяқ киімді ұрлап кеткен. Бутик иесі жоғалған аяқ киімдердің бағасы 34 мың теңгеге тең деп отыр.
- Патрульдік полицейлер ұрыны тез арада ұстады. Ол 25 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны болып шықты, - дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметі.
Бұл күні тағы бір ер адам «Еуразия» сауда үйінің ішінен қаракүзен терісінен жасалған бас киімді қолды қылған. Криминалды полиция қызметкерлері 40 жастағы күдіктіні ұстап алған.
- Сот алды тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған заттар қайтарылды, - делінген ШҚО ІІД баспасөз қызмет хабарламасында.