Шар су қоймасы жұмыс істемейді
Жарма ауданының орталығы өз кезеңінде Шар ауылы болғаны белгілі. Станция бойында орналасқан ауылдың бүгінгі күйі туралы Жарма ауданының әкімі есеп беру жиналысы барысында айтып өтті
- 10 мың халқы бар ауыл тұрғындары аудан орталығы кезіндегідей көңіл бөлінбейтінін айтқан болатын, - дейді Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов. - Шар ауылы да біздің назарымыздан тыс қалмаған. Әсіресе, мүгедек балалардың жағдайын айтуға болады. Шардағы мүгедек балалар «Қазпошта» АҚ мекемесінің екінші қабатын жалдап отырды. Арбадағы балалардың қабатты үйге шығуы қиын болды. Бүгінгі таңда банктің мекемесін жөндеуден өткізіп, балаларды көшірдік. Биыл Шарда бес жарым шақырым тас жол төседік. Келесі жылы Шар кіші қалалар бағдарламасына қосылады. Осылайша ауылдың барлық көшелелеріне тегіс тас жол төселетін болады.
Шар ауылындағы цемент зауыты туралы баршаға мәлім. Бүгінгі таңда бір Шар аулының 300-ге жуық адамын осы зауыт жұмыспен қамтып отыр. Жылына 500-600 тонна цемент өндіретін кәсіпорын екі мыңға жуық отбасыны асырап отырғаны аян. Аудан әкімінің айтуынша, цемент зауыты қазір жұмысын қалыпты жүргізіп отыр. Шар ауылындағы маңызды нысандардың бірі ретінде су қоймасын атауға болады. Кеңес империясы заманында бүкіл аудандағы учаскелерді суарып отырған су қоймасының жер суландыратын жүйесі тегіс істен шыққан.
- Бізде барлығы 1800 га жер бар. Суару жүйесі жұмыс істемегендіктен бірде-бір гектар жер суарылмайды, - дейді Нұрлан Батташұлы. - Бұл сұрақты облыстық және республикалық деңгейде көтерген едік. Су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу үшін бізге 1 миллиард 600 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 200 миллион теңге игеріліп, каналдар мен тоғанды қалпына келтіре бастадық. Бұл жұмыстардың арқасында 6 мың гектар суармалы жер пайда болды.
Енді Жарма ауданының әкімдігі егін шаруашылығымен айналысуды көздейтін инвесторларды іздестіруде.