Сот үрдісі электронды түрде өткізіледі
Күдіктілерді сот залына шақырмай-ақ электронды түрде жазаға кесуге болады
Күдіктілерді сот залына шақырмай-ақ электронды түрде жазаға кесуге болады.
Ал абақтыда отырғандардың ісі түзету мекемесінің өзінде бейнебайланыс арқылы өткізіледі. Судьялар өз кабинетінде отырып-ақ үкім шығарады.
Мұның барлығы - сот саласындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан өзгерістер. Әсіресе, Шығыс Қазақстанның сот саласында болып жатқан жаңалықтар өзге облыстарда жоқ көрінеді. Мәселен, 2017 жылдың екінші жартысында облыста төрт сот ісінің шешімі электронды түрде қабылданған. Яғни, дәстүрлі сот отырысы болмаған, сот залына куәгер де, прокурор да, күдікті де, қорғаушы да шақырылмаған. Бәрі қашықтықтан тындырылған.
- Қылмыстық істің анық-қанығын, мән-жайын анықтаған тергеуші жинаған мәліметтерін электронды порталға жүктеп, прокурорға жібереді. Ал прокурор айыптауды тағы бір тексеріп, сотқа жолдайды. Судья кабинетінен шықпай-ақ, бірде-бір адамды отырысқа шақырмай, үш күннің ішінде жаза тағайындады, - дейді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қайрат Шақпантаев.
Судьялардың айтуынша, істі электронды түрде қарау жемқорлықты азайтып, тергеушілердің жалған мәлімет жасап, істі бұрмаламауына тоқтау салады. Әрі уақыт пен қазына қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
- Кейбір сотталушылардың ісі қосымша қаралып, жаза алмастырылуы немесе жаза мерзімі қысқартылуы, мерзімінен ерте босатылуы мүмкін. Мұндай сот істерінің барлығы түзету мекемесі қабырғасында ұйымдастырылады. Былтыр 1254 сот ісі түзету мекемесінде бейнебайланыс желісі арқылы өткізілді, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков.
Түзету мекемесіне де, сот кабинеттеріне де бейнебайланыс жабдықтары қойылған. Сондықтан қашықтықтан жауап алу қиындық келтірмейді. Ал бұған дейін судьялар түрменің өзіне барып, жазаланушымен бетпе-бет кездесіп, үкім шығаратын еді. Кейбір істі сотта қарау үшін тұтқындарды басқа мекемеге апаратын еді. Оған қаражат бөлінеді. Ал кейде осылай ары-бері тасып жүргенде, тұтқындар амалын тауып қашып кететін көрінеді. Мұндай жағдайға душар болмау мен қаражатты үнемдеу үшін бейнебайланыс құралы қажет.
Сот төрағаларының айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы соттардың барлығына бейнеконференция жабдықтары қойылған. Ал олардың саны - 36. Сонымен қатар, сот залының барлығы бейнебақылауға алынған. Сондықтан сот төрешісінің әрбір қимылы мен айтқан сөзі жазылып отырады. Яғни, олар толық бақылауда болады. Ал бақылауды білетін судьялар нақақ шешім қабылдап, істі шала-жансар қарамайтыны белгілі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр барлығы 114998 іс қаралса, оның 106162-сі автоматты түрде бейнетаспаға түсірілген. Мұның барлығы бірыңғай архивте сақталады.
Шығыс Қазақстан облыстық соты мен Жоғарғы соттың ресми сайтындағы «Сот істерінің анықтамалығы» атты батырмадан қаралған сот істері жайында молырақ ақпарат алуға болады. Мұнда сот актісі, шешім шығаруға қажетті құжаттар салынады. Сол сынды Жоғарғы соттың сайтында «Сот кабинеті» атты жоба бар. Тұрғындар аталған кабинетке кіріп, сауалдарын қоя алады.