Өскемен
пасмурно
+10°
  • Өскемен
    +10°
  • Алматы
    +16°
  • Астана
    +4°
  • Ақтөбе
    +14°
  • Актау
    +21°
  • Орал
    +18°
  • Қарағанды
    +14°
  • Көкшетау
    +6°
  • Қостанай
    +10°
  • Қызылорда
    +25°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +7°
  • Тараз
    +16°
  • Туркестан
    +12°
  • Шымкент
    +18°
$
442.05
+0.61
474.14
+1.05
¥
61.07
+0.11
4.74
-0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Әлемге танылған қазақ жаттықтырушысы

Өмір өз болмысынан арпалысқа толы. Әркім өзінің ішкі, сыртқы жандүниесінде арпалыста жүреді. Сондықтан кез келген адаммен қарым-қатынаста сыпайы болған дұрыс. Қандай күрес болмасын, біз өмірімізді бір жолға, мақсатқа, арманға арнаймыз. Осылай өз өмірінің бүкіл мәнін спортпен байланыстырған Бақытпек Дуанов ағамыз асыл мұрасын тәрбиеленушілеріне дарытуда

Өмір өз болмысынан арпалысқа толы. Әркім өзінің ішкі, сыртқы жандүниесінде арпалыста жүреді. Сондықтан кез келген адаммен қарым-қатынаста сыпайы болған дұрыс. Қандай күрес болмасын, біз өмірімізді бір жолға, мақсатқа, арманға арнаймыз. Осылай өз өмірінің бүкіл мәнін спортпен байланыстырған Бақытпек Дуанов ағамыз асыл мұрасын тәрбиеленушілеріне дарытуда.

Ауыл өмірінің өзі - спорт

Бақытпек Дуанов Марқакөл ауданы Горный кеншарында дүниеге келген. Әкесі Базархат Дуанов қарапайым ауыл шаруасы болса да, тепсе темір үзетін қайратты адамдардың бірі еді. Анасы бастауыш сыныбының мұғалімі болып, «Қазақстанның үздік ұстазы» деп танылған. Айта кету керек, ағасы Мұратбек Базарханұлы самбо күресінен КСРО Спорт шебері болған. Марқұм 55 жасында өмірден өтті.

- Ауылды жерде жол жоқ. Қарлы боранның қапасында айлап қамалып қалатынбыз. Сондықтан тылсым өмірден бейхабар өскен де шығармыз. Тек 1972 жылы ағамыз Мұратбек Алматының Ауыл шаруашылық институына оқуға түсіп, самбо күресімен айналысып, кәсіби спортпен алғаш таныс болған. Бізді бұл жолға салған осы Мұратбек ағамыз деп білемін. Шұбырып жүрген бала күнімізде бізге түрлі күрес амалдарын көрсетіп келді. Оқу бітіргенше бетіміз спортқа қарады, - дейді Бақытпек Дуанов әңгімесін бастап.

Ауылдың өзі алып спорт алаңы іспеттес. Бүгінгі таңда түрлі жұмысты тындыруда техникалар қолданылса, сол заманда барлығы білектің күшімен атқарылатын. Шөп шауып, оны жинап, тиеп ауылға жеткізудің өзі неге тұрарлық десеңізші.

- Қазір есіме түссе, жалғыз биеміз болыпты. Жайылымға жіберген соң, жануарды күнделікті екі-үш сағаттан іздейтінмін. Бүгін ойласам, спорт деген сол болыпты. Ат іздеп ауыл адамы ит арқасы қиянға барса, бүгінгі балалар айтып жүрген кросс пен марафон іспеттес. Мұның барлығынан бейхабар жүріп-ақ, ауылда шынығып жүріппіз, - дейді жаттықтырушы. - 1977 жылы оқу бітірген соң, жүрегімізді шүберекке түйіп қалаға шықтық. Ол кезде еркін күрестен жарысқа ең алысы Алексеевкаға ғана барған едім. Қала деген бізге мүлдем тылсым болашақ еді.

Қазақ ауылынан қалаға барар жол әрқашан шытырманға толы. Ауыл азаматтарының қалаға алғашқы сапары мүлдем өзгеше тарих болып сипатталады. Бүгінгі таңда алып шаһардың әр тынысын біліп отырғанда, бұрынғы заманда қандай күй кешті екен дерсің. Бақытпек Дуанов барар жолдың қандай белестерге толы боларынан бейхабар күйін сипаттайды.

- Бүгінгідей ауылдан қалаға автобус жүрмейтін. «ЗиЛ» жүргізетін орыс азамтпен ата-анам келісіп, көліктің нөмірін жазып алып: «Баланы жоғалтпай жеткізіңіз» деп тапсырған. Мұны естіген мен де сескеніп қалдым. Әрине, таңсық дүниеге барлығымыз сақтана қараймыз. Жол-жөнекей бір ауылға кіріп, қосымша табыс іздеген жүргізуші біреудің шөбін тасып бермек болды. Адам жетпеген соң, мен де қолғабыс қылуды жөн көрдім. Жұмыс қарқынын көрген жүргізуші паромға үлгеріп кететінімізді қуана айтты. Шала-жансар жуына салып, қалаға тарттық. Артынша асығыс Алматы қаласына ұшып кеттім. Мені ағам Мұратбек тосып алды. Ағамыз бар-жоғы үш жыл ішінде спорт шеберлігін шыңдап үлгерген. Мұны орындай алған спортшылар кемде-кем. Кейін өзім кәсіби спортқа аяқ басқан сәтте ғана ағамның қалай дайындалғанына көзім жетті.

Ауылдың шаңын алып келген маған ағам «бар да жуын» дей салды. Бүгін бүкіл әлемді шарлап, ел-елді, жер-жерді шарлап жүрсем де, ауылдан қалаға келіп, жуынатын бөлмедегі «душты» қалай пайдалана алмағанымды есіме аламын. Бұл жаңа өмірге аяқ басу болды. Бүгін спорттың еншісімен ғана Америка, Еуропа елдерін, тіпті, Австралия сынды құс қанаты талатын елдерде болып қайттым. Түк көрмеген бала, кейін бүкіл әлеммен таныс болды, - дейді Бақытпек Базархатұлы.


Балуандар шыққан Бозанбай

Жаттықтырушы қайда жүрсе де спорттан бір елі аттап кетпеген. Оқу оқып жүріп еркін күреспен айналысады. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп, әскерден қайтып келген соң жаттықтырушысын таппайды. Ақыры құжаттарын жинап, Өскемендегі педагогикалық институтқа оқуға түсті. 1980 жылдан бастап самбо күресімен айналысып, КСРО Спорт шебері дәрежесіне дейін көтеріледі. Дзюдодан Ереванда екінші орынға, Бішкекте үшінші орынға ие болып, кейін бұрынғы Никитинка, қазіргі Бозамбай ауылындағы орта мектепке бағытталды.

- Мен барған кезеңде, ауылда күрес спорты ақсап тұрған еді. Хоккей, воллейбол, шахмат, дойбы сынды спорт түрлері ғана болды. 25 жасқа толмаған жігіт едім, - дейді Бақытпек Дуанов. - Директормен сөйлесіп, шлактан кішігірім спортзал тұрғыздық. Еденінің тақтайы, жылуы мен жарығы жоқ кішігірім мекемені дайындалатын орын етіп, жоқтан бар жасадық. Елдің барлығы мені екі-үш жылдан соң кетіп қалады деп ойлады. Алғашында тәрбиелейтін бала да болмады. Өзім жарыстарда жүрдім. Сол кезде 1967-1969 жылғы жігіттер менің сыртымнан бақылайтынын естідім. Әділ Ескендіров, Руслан Сейілханов деген оқушылар жаттықтырушыларының жүгіретінін аңдып, бәс тігетін көрінеді. Барлығы бәлішке бәстеседі екен. Кейін осы балалар күреске жазылды. Руслан Сейілханов 24 рет Қазақстан чемпионы атанды. Қазір кеденде қызмет етеді.

Бұл ретте АҚШ президенті болған Джон Кеннедидің «Мемлекет маған не берді деп сұрама, мен мемлекетім үшін не істей алдым де» деген қанатты сөзі еске түседі. Қарапайым орта мектептегі кішігірім орында 20 спорт шеберлері тәрбиеленді.

- Кейін жұмысымның нәтижесін көріп жүрген Қазақстанның мықтылары шеберлер дайындалған орынды көріп, таң қалды. Бұдан соң бізге бүкіл Қазақстаннан балалар тартыла бастады. Атымыз шығып, Қазақстан құрамасына кіріп отырдық. Сол жерде екі мәрте Қазақстанның үздік жаттықтырушысы атағын алдым. Ауылда жүріп, «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» болып танылдым. Кейін 1997 жылы қалаға көшіп келіп, мұнда да көп еңбек сіңірдік. Өткен жылдың желтоқсан айында Президенттің атынан «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді, - дейді жаттықтырушы


Шеберлер шыңдалған орталық

Бүгінгі таңда жаттықтырушының мектебінен 77 бала спорт шебері атағын алған. Оның ішінде 10 бала халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болған.

- Қалаға келген соң «ауылда үйім болмаса да, шлактан спортзал салдым. Неге қалада спортзал аша алмаймын?» деген ой келді. Осылайша 2009 жылы ЖМК ауданынан жер алып, екі қыс қатарынан құрылыс жұмыстарын жүргізіп, 2015 жылдың наурыз айында «Дзюдо орталығы» ашылды. Қазір мұнда 100-ден артық бала жаттығады. Сібе көлдерінде демалатын лагерьлер тұрғызып, балаларды апарып тұрамыз, - дейді Бақытпек Базархатұлы.

Бақытпек Дуанов өз тәжірибесінде көптеген шәкірт көрген ұлағатты ұстаз. Ұстаз дейтін себебіміз – ол балаға тек спорт өнерін емес, өз тәжірибесін, мәдениетін дарытуға тырысады.

- Ең бастысы өмірлік жолымнан таймадым. Қандай қиын кезең болмасын, мен спорт жолында болдым. Спорттың жағдайы қиындаса болды, кетіп қалып, мемлекет көңіл бөле бастаса, қайтадан қайтып келіп жатқандар болады. Ондайларды сыйламаймын. Ол әлсіздік деп білемін. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында да қылмыс жолына көп түскендер болды. Олар туралы қазақ халқында «Атың шықпаса, жер өрте» деген мақал айтылған. Нағыз спортшы өз қабілетін біле тұра, өзіне дөрекі сөйлеген адамға жұдырық сілтемейді. Осы орайда физикалық күштен бөлек, нағыз спортшының адами тәрбиесі мықты болуы керек.

Болатпек Дуанов қазіргі таңда дамып келе жатқан электрониканың зиянын да тілге тиек етті. Шынымен, қазіргі таңда балалар қозғалыссыз өмірге тым бейім болып барады. Бұрынғыдай көшені басына көтеріп, ойнап жүретін бала кем де кем.

- Қазіргі таңда ұялы телефон мен компьютер деген зиян пайда болды. Ағзасы мен сүйегі өсіп келе жатқан балаға қозғалыссыз күй кешкен қатерлі. Бала күнінде осындай спорттарға үйір етсек, біздің қазағымыз мықты болады, - дейді Бақытпек Дуанов сөзін аяқтай.

Следующая →